Денсаулық сақтау

Компьютерлік томограф аппараты іске қосылды

Су жаңа жапондық томограф 64 кескінді. Мұндай дүние зерттелетін органды барынша дәл және анық көрсетеді. Тіпті, енді-енді пайда болып жатқан кішкентай өскіндерді немесе ауытқуларды да оп-оңай назарыңызға ұсынады. Аппараттың тағы бір артықшылығы бар. Ол науқасқа минималды сәулелік жүктеме түсіреді. Айта кету қажет, жұмысын жақында ғана бастаған заман игілігі істен шыққан компьютерлік томографтың орнын басып отыр.

Біржан Оқасов, көпбейінді қалалық аурухананың сәулелі диагностика бөлімшесінің меңгерушісі:

– 2010 жылы бізге 16 кескінді компьютерлік томограф орнатылды. Оны 12 жылдың көлемінде үздіксіз қолдандық. Көптеген зерттеулер жүргізілді. Осының нәтижесінде аппарат былтыр техникалық себептермен істен шықты. Ал биыл базамыз сапасы әлдеқайда жоғары 64 кескінді дүниемен толығып отыр.

375 млн теңге тұратын жаңа аппаратта тәулігіне 25-ке дейін зерттеу жүргізіледі. Бұрын көрсеткіш 20-дан аспапты. Томография жолдама бойынша жіберілген сақтандырылған жандарға және стационардағы пациенттерге ақысыз жасалады. Бүгінде бұл ауруханада инсульт орталығы бар. Жапондық жабдық жеткенше, яғни 1 жылдың көлемінде мұндағы мамандар ауыр халдегі пациенттерді көпбейінді облыстық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен апарып, қайта әкеліп отырыпты. Осылайша, алтынпен пара-пар уақыт жоғалтқан екен. Айтпақшы, істен шыққан компьютерлік томограф бірінші қалалық ауруханаға беріліпті. Аталған емдеу мекемесінің өкілдері оны жөндеп көрмек.

Жанна Маутова, көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Қазір 2 компьютерлік томограф-дәрігеріміз бар. Қатарымыз көп ұзамай толығады. Биыл ауруханаға алдын ала жасалған келісім бойынша жас маман келеді. Бізде тәулік бойы жұмыс істейтін рентген-зертханашылар да жеткілікті. Мына аппарат та жұмысты жеңілдетпек. Оның көмегімен бар-жоғы 2 мм құрайтын түзілімдерді көре аламыз.

Яғни, індетті ерте сатысында анықтауға болады. Ал ауру бас көтерген шағында анықталса, оны жеңу де оңай болмақ. Жалпы, бүгінде өңірімізде 8 компьютерлік томограф бар. Оның дені соңғы жылдары сатып алынған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Соңғы 5 жылда облысымызда компьютерлік томографта жасалған тексеріс жұмыстары 2,5 есеге өсті. 2017 жылы 12,5 мың тексеріс жүргізілсе, былтыр көрсеткіш 30 мыңға дейін жетті. Себебі, біз 4 компьютерлік томограф аппаратын сатып алдық.

Атқарылған жұмыстан оң нәтиже байқалады. Бүгінде өңірімізде өзекті саналатын бірқатар көрсеткіш төмен сырғыпты.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Мысалы, өңірімізде туберкулезбен ауырған адамдардың саны 2 есеге төмендеді, онкологиядан қайтыс болған азаматтар саны 24 пайызға азайды. Сондықтан, бұл жұмыс міндетті түрде жалғасын табатын болады.

Иә, жұмыс жалғасын табады. Болашақта көпбейінді қалалық ауруханада тағы бір заман игілігі пайда болады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Ауруханадағы жаңа қондырғылар мұнымен шектелмейді. Соңғы 2 жылдың ішінде бұл мекемеге 1,6 млрд теңгенің дүниесі сатып алынды. Болашақта бұл ауруханаға МРТ аппараты алынатын болады.

Тағы бір жағымды жаңалық! Биыл МРТ аппараты облыстық балалар ауруханасында да іске қосылмақ.

Байболат Култанов