МТРА жаңалықтары

Ұлттық ұлан Әскери академиясында ашық есік күні өтті

Бұл – кинотеатр емес, Ұлттық ұлан Әскери академиясының акт залы. Мұнда жан-жақтан жиылған жоғары сынып оқушылары отыр. Олар білім ордасы жайлы деректі фильмді кірпік қақпай тамашалауда. Туындыда қара шаңырақтың тарихы, жеткен жетістіктері мен оқыту бағдарламасы бүге-шүгесіне дейін баяндалады.

Іс-шара далада жалғасын тапты. 25 жылдық тарихы бар академияның курсанттары спортқа жақын. Оған мына самбошылар дәлел. “Сен тұр, мен атайын” деген жігіттер өз шеберліктерін мектеп оқушыларына бірнеше мәрте көрсетті. Білім ордасында гір тасын ұршықша иіретіндер де бар. Кең плацтың келесі бөлігінде әскери техника қаз-қатар тізілген. Жастар олардың әрқайсысымен танысты. Тіпті, ішіне де кіріп көрді. Мұнда ұлдарға танкішілердің бас киімі жарасып-ақ кетті.

Евгений Дзортов, “Қызылжар Абай орта мектебінің” оқушысы, Қызылжар ауданы:

Әскери техниканың ішінде өзіндік атмосфера бар екен. Барлығы қызық. Мына бас киімнің құлақ тұсы қатты қысады. Жаныңдағы адамның айтқанын естімейсің.

Қыздар да қалыс қалмады. Олар өмірлерінде бұрын-соңды көрмеген әскери дүниелермен асықпай танысты. Ал мына оқушылар асханаға кіріп келеді. Сап түзеп, алға басқан жастардың кейбір іс-қимылы курстанттардың жүріс-тұрысына ұқсайды.

Айтылғанның барлығын №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы Мұхамед Балғожа мұқият тыңдап тұр. 16 жастағы оқушы күреспен айналысады. Болашақта Отан үшін отқа түскер әскери қызметші болғысы келеді екен. Өзіне бүгінгі іс-шара ұнапты.

Мұхамед Балғожа, №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

Барлығын көріп шықтық. Түрлі техника бар екен. Өзім әскери адам болғым келеді. Болашақта осы Әскери академияға түсіп кетуім мүмкін.

Әскери академия базасындағы іс-шара бірнеше сағатқа созылды. Ұйымдастырушылар оқушыларды бірнеше топқа бөліп, аумақты аралатты.

Ерлік Ықыласов, ҚР ҰҰ Әскери академиясының аға офицері:

Бұл жиынның басты мақсаты – жас буынды патриот қылып тәрбиелеу, болашақ Отан қорғаушыларды дайындау және Ұлттық ұлан қатарына баулу. Бұл іс-шараға 125-тен астам оқушы қатысуда. Осындай іс-шаралар бізде тұрақты түрде өтеді. Арнайы жоспар бойынша өткізіп тұрамыз.

Ашық есік күніне қатысқан жастар – 18 мектептің жоғары сынып оқушылары. Олар қала және ауыл мектептерінен арнайы келіпті.

Байболат Култанов