МТРА жаңалықтары

Петропавлда жетімдер баспана кезегінен шығарылып тасталған

Облыс орталығында жетім және ата ана қамқорлығынсыз қалған 49 бала баспана кезегінен шығарылып қалды. Жаға ұстатарлық жайтты қалалық прокуратураның өкілдері әшкере еткен. Олар жақында жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй заңнамасын қадағалауы жөнінде сараптама жүргізіпті.

Қайсар Әбішев, Петропавл қаласы прокурорының орынбасары:

– Мемлекеттік тұрғын үй кезегінде қазіргі уақытта 14 мың 934 азамат тұр. Оның ішінде 1774-і – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандар. Жүргізілген анализ кезінде соңғы аталған санаттағы жандардың заңсыз түрде баспана кезегінен шығарылып қалғаны мәлім болды. Қазіргі күні олқылыққа жол берген тұлғаны анықтау үстіндеміз.

Бірақ, неге дәл осы санаттағы жандар ғана базадан шығарылып қалды? Бұл сұрақтың жауабын қалалық әкімдік өкілдерінен сұрадық. Мамандар мұны тағы да техникалық ақаулықпен байланыстырып отыр.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

Республикалық базға ауыстыру кезінде жетімдер санатында тұрған кейбір азаматтар кезектен шығып қалған еді. Қазір құжаттар қайта қаралып, олар базаға енгізілді.

Бұл мәселені қалалық прокуратура жіті назарда ұстамақ. Сондай-ақ, олқылыққа жол берген азаматтар жауапқа тартылады.

Бердимурат Баймухан