Спорт

Петропавлда бокстан республикалық турнир бастау алды

Шаршы алаңға әуелі Ақмола облысының тумасы Әлихан Жетпісов пен атыраулық Әділжан Құрмантаев шықты. Екеуінің де салмақ дәрежесі – 44. Әлихан Жетпісов бірінші раундта-ақ қарсыласына ауыр соққы жасап, қауқарын көрсетті. 15 жасар жасөспірім айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды.

Әлихан Жетпісов, турнирге қатысушы, Ақмола облысы:

– 1-ші кездесу қиынырақ болды. Шаршаңқырап қалдым. Қарсыласым да осал болған жоқ. Мықты екені көрініп тұр. Бапкерімнің кеңесіне сүйене отырып жеңіске жеттім.

Бұдан кейін спорт жанкүйерлері келесі тартысты тамашалады. Атырау облысының өкілі Ардақ Нұраев пен солтүстікқазақстандық Тамерлан Ананьев жұдырықтасты. Қос спортшы кездесулерін белсенді бастады. Қызыл жейде киген атыраулық шапшаңдық танытып, соққыларын үдете түсті. Сөйтіп, төрешілердің шешімімен 16 жастағы Ардақ жеңіске жетті.

Ардақ Нұраев, турнирге қатысушы, Атырау облысы:

– Қарсыласым бірінші раундты жасай алды. Бірақ, қалған екі раундта шаршап қалды. Сол сәтті пайдаланып өзімнің басымдылығымды көрсеттім.

Жалпы, бұл турнир облысымызда боксты дамытуға үлес қосқан жаттықтырушылардың құрметіне арнап ұйымдастырылған. Юниорлар арасында өтіп жатқан «Жас Ұлан» республикалық турнирінде жасөспірімдер 14 салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасуда.

Азамат Жақиянов, турнирдің бас төрешісі:

– Турнирге 2006-2007-ші жылғы 70-ке жуық жеткіншек қатысып жатыр. Жарысқа Ақмола, Қостанай, Атырау, Қарағанды өңірлерінен және жергілікті спортшылар жиналды.

Бүгін бастау алған түрнир 4 күнге жалғасады. Өз салмағында жеңіске жеткен боксшылар медальмен кубоктармен марапатталады.

Самал Жунусова