Спорт

Облыста “Қолжетімді спорт” жобасы іске асырылуда

Салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен адамдардың денсаулығы мықты болатыны анық. Сондықтан, шынығып, шымыр болуға ұмтылып жүргендердің қатары көбеюде. Солардың бірі – Галина Остапенко. Азаматша скандинавиялық серуендеумен шұғылданады екен. Тіпті, 2017-2018 жылдары бұл спорт түрінен Алматыда өткен жарысқа да қатысыпты.

Галина Остапенко, қала тұрғыны:

– 2015 жылы күйеуім скандинавиялық жүруге арналған қос жабдық сыйлады. Содан бері өзім интернеттен арнайы бейнероликтерді қарап, жаттығып жүрдім. Кәсіби маманмен айналысқым келіп жүр еді, жуырда инстаграмнан «Қолжетімді спорт» жобасы туралы жазбаны көріп қалдым. Мұнда кәсіби жаттықтырушымен айналысуға болатындығы қызықтырды. Енді жүру техникамды дұрыстаймын.

Скандинавиялық спорт түрімен айналысқанда арнайы жабдықсыз жүру мүмкін емес. Ол үшін қос таяқ керек. Оны қолданудың да өзіндік тәртібі бар. Нәтижесінде қол мен иық бұлшықеттері нығаяды.

Скандинавиялық жүруден жаттықтырушы Махаббат Асқарованың айтуынша, бұл спорт түрі қауіпсіз әрі жеңіл деп саналады. Әсіресе, аға буын өкілдері арасында аса сұранысқа ие.

Махаббат Асқарова, скандинавиялық жүруден жаттықтырушы:

– Сабағымызға кез келген адам қатыса алады. Жаттығу “Қолжетімді спорт” жобасы аясында тегін өтеді, арнайы таяқтарды да береміз. Әр сейсенбі мен бейсенбі күндері таңғы сағат 7-де – Жеңіс саябағында, ал кешкі 7-де орталық саябақта шынығамыз.

“Қолжетімді спорт” жобасы елімізде 7 қалада қолға алынды. Соның бірі – Петропавл. Мақсат – тегін жаттығу өткізу арқылы тұрғындарды спортпен шұғылдануға баулу.

Руфия Мұстафина, “Қолжетімді спорт” жобасының облыс бойынша үйлестірушісі:

– Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен “Қолжетімді спорт” жобасы биыл жалғасын тапты. Өткен жылы алғаш рет қазан айында ұйымдастырылды. Қыркүйек айына дейін өткізілетін бастама аясында азаматтар 5 спорт түрі бойынша шынығады. Барлығы тегін. Спор түрлері: жүгіру, скандинавиялық жүру, үстел теннисі, каратэ және фитнес.

Әзірге, спорттық сабақтар жартылай саябақтарда және спортзалдарда өткізіліп жатыр. Маусым айынан бастап барлығы таза ауада шынығады. Жобаға қатысқысы келетін жандар 8-707-618-43-43 нөміріне хабарласып, тіркеле алады.

Самал Жунусова