МТРА жаңалықтары

Қылмыстық-атқару жүйесінің мамандарына арналып семинар өткізілді

Бүгінгі семинарға Дина Бектемірова да қатысып отыр. Бұрымды осыдан 4 жыл бұрын Қозыбаев университетіннің педагогика және психология мамандығын тәмамдаған. Қолына дипломын алған жас маман еңбек жолын тергеу изоляторында психолог ретінде бастаған екен. Ал осыдан бірер ай бұрын ЕС-164/3 мекемесіне жұмысқа орналасқан.

Дина Бектемірова, ЕС-164/3 мекемесінің инспектор-психологы:

Сотталғандарға мекемеге келген күні жаңа ортаға бейімделуіне көмектесемін. Түрлі психологиялық-профилактикалық әңгімелесу шараларын өткіземін. Әрине, жұмысым оңай емес. Қазіргі таңда мекемемізде 700 сотталушы бар. Олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеу керек. Себебі, әр сотталушының мінез-құлқы әр түрлі.

Бүгінгі семинарға қатысып отырған жандардың барлығы – Дина Бектемірова сынды жас мамандар. Әрқайсысының жұмыс өтілі 3 жылдан аспайды. Жиын барысында оларға қылмыстық-атқару жүйесіндегі тәжірибесі мол психолог, психиатрлар өз білген- түйгендерін айтты. Жалпы, сотталғандармен жұмыс істейтін жандармен мұндай іс-шаралар бір айда бір рет өткізіліп тұрады екен.

Светлана Борисенко, СҚО бойынша ҚАЖД аға инспектор-психологы:

Қылмыстық-атқару жүйесінде тер төгіп жүрген адамдар күнделікті түрлі жағдаймен бетпе-бет келеді. Сол себепті, жас мамандарға демеу көрсетіп, тәжірибесі мол жандармен кездесу ұйымдастырып отыру қажет. Жалпы, бұл сала қызметкерлері қандай да бір агрессивті әрекеттерге тойтарыс бере алуы керек. Сондай-ақ, сотталғандар тарапынан келген арандатушылыққа бой алдырмауы тиіс.

Бүгінгі семинарға қылмыстық-атқару жүйесінің 25 маманы қатысты. Айта кету қажет, қазіргі таңда облыстағы түзету мекемелерінде 1400 сотталушы отыр.

Алдияр Айтпаев