Мәдениет

«Достық – біздің тірегіміз» атты музейішілік шара бастау алды

Ұл-қыздар өзара екіге бөлініп алып, таяқтың көмегімен шарғыны дөңгелетіп, келесі ойыншыға дейін жеткізіп жарысуда. Әр топ жеңіске жеткісі келеді. Сондықтан, барларын салуда.

Ал мына ойын сәл қиынырақ. Ереже бойынша балалар көздерін байлап алып, ұшып жүрген қаздарды ұстап алулары тиіс. Кім тез ұстайды, сол жеңіске жетеді. Бұл украин халқының ойыны екен.

Алиса Кулешова, оқушы:

Біздің сыныпта түрлі ұлттың балалары оқиды. Барлығы – 24 ұл-қыз. Біз доспыз, бәріміз бірге ойнағанды ұнатамыз.

«Достық – біздің тірегіміз» атты іс-шараға келген ұл-қыздарға Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың салты көрсетіліп, ұлттық киімдері таныстырылды. Жалпы, мұндай танымдық жоба жыл сайын ұйымдастырылып тұрады екен. Осылайша, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімі мен татулығын нығайтамыз дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Гүлнұр Зейнелғабиденова.

Гүлнұр Зейнелғабиденова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

Мақсат – өскелең ұрпақты ынтымақтастық пен достыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу. Балаларды украин халқының бас киімі, қытай халқының шай құю рәсімі, татар, неміс, поляк халықтарының ұлттық киімдерімен қатар ойындарын көрсетіп жатырмыз.

Айта кеткен жөн, Бірлік күні мерекесіне орай өткізіліп жатқан шара сәуір айының соңына дейін жалғасады. Осы аралықта музей қызметкерлері 500-ден аса оқушыға арнап танымдық шара өткізбек.

Бердимурат Баймухан