МТРА жаңалықтары

Энергетикалық қадағалау саласының мамандары 1-ші тоқсанды қорытындылады

Жарық пен жылу таратушы кәсіпорындардағы ақаулар мен олқылықтарды анықтау үшін атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің жергілікті мамандары үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында бейінді департамент қызметкерлері жоспардан тыс 4 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 1 кәсіпорынға ұйғарым берілген.

Жәмила Әбдіқасымова, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы:

– Ұйғарым «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ берілді. Нақтырақ айтып кетсек, әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 301-ші бабы бойынша бұл энергия өндіруші кәсіпорын пайда болған техникалық бұзушылық жайлы дер кезінде департамент қызметкерлеріне хабарлама бермеген. Сондықтан, осы бап бойынша әкімшілік іс қозғалды және 612 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінде қаржы толығымен мемлекет қазынасына өндіріліп алынды.

Бұдан бөлек, мамандар қашықтықтан 140-қа жуық профилактикалық бақылау жүргізген. Оның қорытындысы бойынша 91 тармақтан тұратын 91 ұсыным жазылды.

Жәмила Әбдіқасымова, ҚР ЭМ АЭҚБК СҚО бойынша аумақтық департаментінің бас маманы:

– Негізінен ұсынымдардың басым көпшілігі электр энергиясымен жабдықтау келісім шарты бойынша электр энергиясын пайдалану режимін сақтамағаны үшін заңды және жеке тұлғаларға берілген болатын. Бүгінгі таңда 91 ұсынымның 54-і орындалды.

Сондай-ақ, 3 айдың ішінде атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің жергілікті департаментіне 10 өтініш келіп түскен.
Оның біреуі заңды тұлғадан босла, қалғанын жеке тұлғалар жолдаған. Арыз-шағымдардың басым көпшілігі жарықпен қамту жүйесіне қосылу үшін шарт алу және электр сымынан ажыратылуға қатысты.

Дана Ешкенова