Білім

СҚУ-да Қазақстан халқының бірлігі күніне орай жиын өтті

Жиынға №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары қатысып отыр. Ұл-қыздар мерекенің сәнін келтіріп өздерінің ұлттық киімдерін киіп келіпті. Қазақ, орыс, белорус. Қазіргі таңда аталған білім ұясында 22 ұлт өкілі оқиды. Мұндай мекеме Қазақстан бойынша жалғыз.

Ләззат Жалмұқанова, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Мектебімізде 9 ұлттық бөлім бар. Біз, әрине, барлық оқушыларды патриоттық тұрғыда тәрбиелейміз. Бүгінгі жиында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаймыз. Келген балалар өз ұлтының тілінде өлең оқиды.

Пікір алмасу алаңында оқушылардан бөлек, қоғам белсенділері де болды. Іс-шараға еліміздің өзге аймақтарындағы кейбір азаматтар онлайн режимде қосылды. Олар жиын қатысушыларымен этносаралық келісімнің тұрақтылығын нығайту жөнінде сөз қозғады.

Людмила Гривенная, Қозыбаев университеті “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі:

– Бұл іс-шараның аясы ауқымды. Мұнда маңызды тақырып қозғалады. Ұлттар арасындағы қоғамдық келісім мен татулықты сақтап, оны нығайту мақсатында осындай жиын өтіп отыр. Біз әрбір ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін құрметтеу арқылы бейбіт өмір сүріп жатырмыз.

Қозыбаев университетіндегі түрлі ұлт өкілдерін сан алуан ортақ жобалар байланыстырады. Соның арқасында студенттер өзара тату. Айта кету қажет, қазіргі таңда жергілікті жоғары оқу орнында 7 мыңнан астам студент білім алады. Бұл – шамамен 40-тан астам этнос өкілі.

Алдияр Айтпаев