Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ға газ құбырын тарту мәселесі Сенатта қаралды

Дәурен Әділбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Құрметті әріптестер, бүгінгі күн тәртібінде қаралатын мәселе өте өзекті әрі күрделі және еліміздің барлық өңірінің мүддесін қозғайды.

Парламент Сенатының депутаты Дәурен Әділбеков газға қатысты ойын осылай жеткізді. Шынымен де елімізде көгілдір отын көп болғанымен, оның шарапатын барлығы бірдей көрмей отыр. Қазір Қазақстанның бірқатар аймағына табиғат сыйы жетпеген. Оның ішінде аққайыңдар өлкесі де бар. Бүгінде теріскейліктер ағаш пен көмір жағуға мәжбүр. Біреу білсе, біреу білмес, бұлардың құны газдан жоғары. Тиісті статистиканы Сенаттың үкімет сағатына онлайн қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов келтірді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 1 жеке меншік үйге көмір мен отынға жұмсалатын шығын орташа есеппен айына 25 мың теңгені құрайды. Бір тұрғынға жылыту маусымына барлығы 189 мың теңге қажет. Салыстыру үшін айтсақ. Қарағанды облысында 1 жеке меншік үйді газбен қамтуға айына 14 мың теңге кетеді. Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындар айына 13 мың теңге жұмсайды.

Иә, газдың құны айтарлықтай төмен. Сондықтан, облыс тұрғындарына көгілдір отын қажет. Табиғат сыйы халыққа ғана емес, инвесторларға да керек. Заманауи технологияның барлығы газ арқылы жұмыс істейді екен. Қажетті дүние болмағасын өлкеге қалталы азаматтарды тарту ісі
қиындық тудырып жатқан көрінеді. Тұрғындардың әрі кәсіпкерлердің тілегін орындау үшін бүгінде өңір, ел билігі әрекет жасамауда емес, жасап бағуда. Алайда, бастамалардан еш нәтиже болмай тұр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

20 жыл бойы газ тартудың әр түрлі нұсқалары қаралуда. Оның ішінде Ресей Федерациясы арқылы. Ресейден газ тарту бойынша Энергетика министрлігі, «ҚазТрансГаз» және «Газпром» 2019 жылы бірнеше кеңестер өткізді, алайда әлі күнге дейін мәселе шешілген жоқ. Өйткені, «Газпром» біздің өңірге ғана емес, Ақмола, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласына да газ тартуға қызығушылық танытуда.

Өңірді «Сарыарқа» газ құбырына да қосуға болады. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, бұл – ең қолайлы нұсқа. Алдын ала есептеу жүргізілген де екен. Облыстағы 457 мың адам тұратын 139 ауылға табиғат сыйын жеткізу үшін 140 млрд теңге қажет. Ал өлкеде тұтынылатын көгілдір отынның жылдық көлемі 2 млрд текше метрді құрамақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Өздеріңіз білетіндей, биыл Петропавл 2-ЖЭО-да апат орын алды. Меншік иелері келесі жылыту маусымына дайын болу үшін бүгінде жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Біз қуат ошағының келешекке деген мүмкіндігін саралап көрдік. Ескерілген деректерге сүйенсек, 2026 жылға қарай қалада жылу тапшы болады. Ал өңірді газдандыру ірі кәсіпорындар мен нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша орталықтың жүктемесін азайтады.

Облыс әкімі бұдан өзге де фактілерді тілге тиек етті. Егер өңірге газ жетсе, ауаға таралатын қалдықтардың көлемі азаяды, тұрғындардың тұрмысы түзеледі, қоныстанатын халықтың қатары артып, көшіп кетушілердің нөпірі бәсеңдейді. Қысқасы, көгілдір отын аққайыңдар өлкесінің дамуына ауыз толтырып айтарлықтай оң әсер етеді. Сонымен, газ солтүстікке қашан жетеді? Бұл сұрақтың жауабы уақыттың еншісінде.

Байболат Култанов