МТРА жаңалықтары

Өңірде интернет-алаяқтық тыйылмай тұр

Қазір бетперде киіп, кассадағы ақшаны дорбаға салып әкететін қарақшы қалмаған. Барлығы интернетте. Бұған статистика дәлел. Жыл басынан бері өңірімізде 300-ге жуық адам маңдай термен жинаған ақшасынан айырылып қалыпты. Олардың барлығы интернет-алаяқтардың құрығына ілінген.

Құмарбек Жоламан, СҚО ПД басқармасының аға жедел уәкілі:

– Бүгінгі күні СҚО-да интернет-алаяқтықтың 273 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 қылмысқа жоғары.

Ғаламтордың инесіне отырып, опық жейтін жандардың саны әлі де өсіп жатыр. Ал интернет-алаяқтар болса бөтеннің қалтасына қолдарын тереңірек сұғып, мол олжаға қол жеткізудің жолдарын ойлап шығаруда. Ең көп ұрланған сома Петропавл қаласында тіркеліпті. Шаһар тұрғыны пысықайлардың шотына 10 млн теңгеге жуық ақшасын аударып жіберген екен.

Құмарбек Жоламан, СҚО ПД басқармасының аға жедел уәкілі:

– Ең көп тіркелген сома 9 млн теңге. Петропавл қаласының тұрғынына алаяқтар хабарласып несие рәсімдеуді талап еткен.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Алданып қалған әйел алаяқтықтың мұндай түрі барын білген. Бірақ, сонда да санасымен қудың құрығына түсіп, құтыла алмаған. Бұл сонда қалай? Гипноз ба әлде адамның психологиясын жақсы меңгерген жандардың ісі ме?

“Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады” деп бекер айтылмаған. Бұл – алаяқтардың ең жиі қолданатын тәсілі дейді жергілікті психолог Ғалия Баязитова. Сөзінше олар сыпайы сөйлеп, адамдардың сеніміне кіруге тырысады. Осылайша майдан қыл суырғандай етіп ақшаларын да оп-оңай тартып алады екен. Манипуляция да жасайды.

Ғалия Баязитова, психолог-практик:

Ол бізге қажет емес, сізге қажет нәрсе деп айтады. Осылайша бздің қатысымыз жоқ деген психологиялық ахуал туғызады.

Көбінесе аңғал және эмоционалды түрде тұрақсыз адамдар алаяқтарға алданып қалып жатады дейді психолог. Сондай-ақ, алданып қалмас үшін белгісіз нөмірлерден хабарласқан адамдармен ұзақ сөйлеспеуге кеңес береді.

Ғалия Баязитова, психолог-практик:

Телефонды бірден қоя салу керек. Осы уақытта адам рационалды түрде ойлана бастайды.

Тәртіп сақшылары да тұрғындарға белгісіз адамдармен телефон арқылы сөйлеспеуге, танымайтын жандардың шотына ақша аудармауға кеңес береді. Ал егер хабарласқан жан өзін банк қызметкерімін деп таныстырса, бірден банк бөлімшесіне барып мәселенің мән-жайын анықтау қажеттігін айтады.

Бердимурат Баймухан