Ауыл шаруашылығы

Өңір диқандары мамырдың ортасында дән себуге кіріспек

Көктемнің бір күні – жылға азық! Осы қағиданы берік ұстанатын солтүстікқазақстандық диқандар қазір күн-түн демей танап басында тер төгуде. Олар бүгінгі күнге дейін 3,1 млн гектар жерде ылғал жабу жұмысын жүргізіпті. Бұл – жалпы егістік аумақтың 73 пайызы.

Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– 4,3 млн гектарға дән себіледі. Оның 3 млн гектары – дәнді дақылдар. Майлы дақылдардың көлемі 1 млн гектарға жуықтайды. Жем-азықтың аумағы – 332 мың гектар.

Биыл 32 мың гектар картопқа тиесілі болады. Ал көкөніс 6,2 гектар аумақты қамтиды. Қазір себілетін тұқым әзірленіп жатыр. Жер емген диқандар 79 мың тонна дәнді жылыту орындарына жеткізген. Оның 17 мың тоннасы дәріленіп те қойылған екен. Тиісті шаруа толығымен аяқталғасын себу жұмысы бастау алады. Жоспар бойынша жауапты кезеңге іскер жандар шамамен 20 күндесін кіріседі.

Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

Біз ғылымға сүйенеміз. Арнайы мамандар бізге ақпар беріп отырады. Жоспар бойынша биыл көктемгі дала жұмыстары мамырдың ортасында басталады.

Биыл алқаптарға 170 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіріледі. Бұл көлем былтырғыдан көп. Айтпақшы, жақында салада астықтың бітік шығуына септесетін қажетті өнім тапшылығы жайлы мәселе туындады. Бүгінде бұл проблема шешімін тауыпты.

Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

Минералды тыңайтқыштарды жеткізу бойынша мәселе туындады. Вагон жетіспеді. Бірақ, проблема шешілді. Кешеден бастап өнімдер жан-жаққа жіберіліп жатыр.

Гербицид, пестицид тапшылығы сезілмейді. Оларды жеткізуде де проблема жоқ. Биыл көктемгі дала жұмыстарына өңірімізде 13 мыңға жуық техника қатыспақ. Оның 1400-і – дән себу кешендері. Ал үстіміздегі жылы сатып алынған техниканың саны 702-ні құрайды. Бұл мақсатқа 16 млрд теңге жұмсалыпты.

Байболат Култанов