МТРА жаңалықтары

“Қызылжар су” серіктестігінің басшылығы өткен жылды қорытындылады

Петропавлдықтарды тіршілік нәрімен қамтып отырған “Қызылжар су” серіктестігі өткен жылы біраз шаруаның басын қайырған. Мамандар тозығы жеткен және аппаттық деп танылған су құбырлары мен кәріз желілерін күрделі жөндеуден өткізген. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 12,8 шақырымды құрайтын желіні толығымен жаңартқан. Оның ішінде 9 шақырымнан астамы – су, 3,2 шақырымы – кәріз құбыры.

Арман Саутов, “Қызылжар су” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Бүгінде барлық шаруа көлденең бұрғылау әдісімен атқарылады. Яғни, жөндеу жұмыстары аясында асфальт жабындысын бұзбаймыз. Өткен жылы қазып тастаған барлық жерлерді қалыпқа келтірдік. 3400 шаршы метр аумаққа жаңадан асфальт төселді. Жалпы, былтыр 140 апат тіркелді.

Бүгінде “Қызылжар су” серіктестігінің су құбыры желісінің ұзындығы 344,3 шақырымды құрайды. Оның 58 пайызының тозығы жеткен. Ал қалалық кәріз жүйесінің ұзындығы 257,8 км құрайды. Кәріз жүйесінің 67%-ы ескіріпті. Сондықтан, мамандар биыл да тозығы жеткен құбырларды ауыстыруды жосапарлап отыр. Жиында мамандар қала сыртындағы кәріз суы құйылатын биотоған жайлы да сөз қозғады.

Арман Саутов, “Қызылжар су” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– 2021 жылдан бастап біз су торабына хлорелла өсімдігін жібере бастадық. Бұл шаһардағы жағымсыз иісті жоюға септеседі. Бүгінде жоспарланған жұмыстың 30%-ы тындырылды. Биотоғанған аталған компоненттің 9 мың литрі жіберілді.

Биотоғанды тазарту жұмыстары 3 жылға жоспарланған. Шаруаны атқаруға 120 млн теңгеден астам қаржы бағытталған.

Дана Ешкенова