МТРА жаңалықтары

ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

Арнайы жұмыс тобына мемелекеттік органдармен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және еліміздегі танымал заңгер ғалымдар кірді. Мамандар әзірлеген заң жобасында қазіргі күні елімізде қалыптасқан суперпрезиденттік басқару нысанын одан әрі жетілдіру көзделген дейді Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат жетекшісі:
– Бұл мақсатта мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттіктерін басқа органдарға береді. Бұл – соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан орталықсыздандыру процесінің жалғасы.

Заң жобасында Парламент пен жергілікті өкілетті органдардың рөлін күшейту көзделген. Заңгерлердің сөзінше, палаталардың жасақталу тәртібі мен олардың функцияларында да елеулі өзгерістер орын алмақ. Ал Президенттің сенаттағы квотасы 15-тен 10-ға дейін қысқартылып, оның 5-еуін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынатын болады. Тағы мынандай жаңашылдық орын алды.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат жетекшісі:
– Заң шығару процесін жаңғыртуға арналған бірқатар өзгерістер жасалды. Заң қабылдау құқығы негізінен Мәжіліске тиесілі болады. Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы беріледі. Реттейтін мәселелердің маңыздылын ескере отырып, конституциялық заңдарды палаталардың бірлескен отырысында қабылдау қолдау тапты. Үкіметке адам өмірі мен денсаулығына, мемлекеттік қауіпсіздігіне басқа да құндылықтарға айрықша қауіп төнген жағдайда заң күші бар нормативтік құқықтық актілер қабылдауға құқық берілді.

Жоба адам құқықтары мәселелері туралы тармақтарды да қамтиды және онда омбудсмен институты туралы жеке заң қарастырылыпты. Брифинг барысында 4-ші билік өкілдері спикерлерге өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді.

Серік Жолдасбай, “Alash-orda” ақпараттық порталының тілшісі:
– Сайлау туралы заңның 54-ші бабында Президент сайлауына қатысатын адам 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі керек. Осы талап жаңа Ата заңда өзгертіле ме?

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат жетекшісі:
– Біздің Конституциямыздың 33-ші бабында сайлау құқығының жүзеге асыру тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді деп қарастырылған.

Сонымен қатар, жиын барысында тілшілер қауымы Сенатқа ұсынылатын депутаттар, жер мен пайдалы ресурстарды реттеу жөнінде мәселелерді көтерді.

Бердимурат Баймухан