МТРА жаңалықтары

Ауыл әкімдерін халық сайлау – көңілден шыққан бастама

 

Кәукария Бөбешова – Октябрьское ауылының тұрғыны. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған жан бүгін көппен бірге сайлауға келіп отыр. Зейнеткер 3 үміткердің біріне дауыс берді. Саяси доданың мұндай форматы азаматшаның көңілінен шығыпты.

Кәукария Бөбешова, Октябрьское ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Жақсы, қолдаймын. Баяғыда кімнің әкім болып келіп жатқанын білмедік. Қазір барлығын білеміз. Аудандық газеттен әрқайсысының өмірбаянын оқыдық, таныстық.

Тереса Кулешова да дәл осындай пікірде. Туылғалы Октябрьское ауылында тұратын нәзікжанды соңғы жылдары округте бірнеше әкімнің ауысқанын айтады. Олардың көбі өзге жақтан келіпті. Осы орайда зейнеткердің мынандай өтініші бар.

Тереса Кулешова, Октябрьское ауылының тұрғыны, Мағжан Жұмабаев ауданы:

– Жергілікті тұрғындардың барлығы сөзі өтімді, іскер ауылдықтың бірі әкім болғанын қалайды. Басшы елді мекенде тұру қажет деп ойлаймын. Сонда мұндағы проблемалар шешіледі. Әрі адамдар кез келген уақытта әкімге барып, өз мәселесін жеткізеді.

Бұл ретте айта кетейік, бүгінгі күні Октябрьское ауылдық округінде 800-ге адам тұрып жатыр. Олардың 595-і – сайлаушы.

Байболат Култанов