МТРА жаңалықтары

Ата заңның 33 бабына ауқымды толықтыру енгізіледі

«Күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет». Осы қағиданы ұстана отырып Ата заңымызға өзгерістер енгізілмек. Наурыз айында жаңашылдықтарды жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Бүгінге дейін білікті мамандар қажетті түзетулерді әзірлеп қойған. Орын алатын өзгерістердің бірі конституциялық кеңеске қатысты. Яғни, Ата заңымыздың 6-шы бөлімі өз күшін жойып, оның орнына конституциялық сот пайда болмақ. Бұл бөлім азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетігіне айналмақ.

Гүлбақша Мұсабаева, заң ғылымдарының кандидаты, Қозыбаев университетінің доценті:

Біздің Конституциямызға жаңадан бір тарау енгізіледі. Ол – Конституциялық сот. Сол норма бойынша ҚР әр азаматы кез келген жағдайда сотқа тікелей жүгіне алады.

Конституциялық сот 11 судьядан тұрмақ. Оның 4-уін Президент тағайындаса, 6-уын Парламенттің қос палатасы таңдайды екен. Осы ретте айта кетейік,
Парламент жұмысына қатысты да үлкен өзгерістер орын алмақ. Бұдан былай Мәжілістің 30 пайызын тікелей халық сайлайды.

Гүлбақша Мұсабаева, заң ғылымдарының кандидаты, Қозыбаев университетінің доценті:

Парламенттің рөлі жоғары деңгейде дамиды деп ойлаймын. Себебі, Мемлекет басшысы қазір көп функцияларды Парламентке беріп жатыр. Енді осы өзгерістер бойынша жергілікті өзін-өзі басқару органдарды дамыту үшін әр жер, әр ел өзінің әкімін сайлайды. Бұл керемет өзгеріс деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Ата заңға енгізілетін өзгерістердің нәтижесінде Парламенттің рөлі күшеймек. Жалпы, алдағы уақытта Ата заңның 33 бабына 50-ден астам ауқымды толықтыру енгізіледі. 2 бөлімнің атауы өзгертіледі. Орын алатын жаңашылдықтар еліміздің дамуына оң ықпал етпек.

Дана Ешкенова