Мәдениет

Жергілікті ақындар НЗМ оқушыларымен кездесті

Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұл-қыздарымен кездесу үшін өңіріміздің белді деген 4 ақыны келіп отыр. Шалқар шабыт иелерін Назарбаев Зияткерлік мектебінің талантты жастары күймен қарсы алды.

Кейін ақындарға кезек-кезек сөз берілді. Жарқын Жұпархан мен Аманжол Зағыпар ағаларының ізің қуған Самрат Құскенов жиналған жастарға әдебиетке қалай бет бұрғанын айтып берді. Ақын жыр тербеуді 9 жасынан бастаған екен.

Самрат Құскенов, облыстық және республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері:

– Қатарымнан қалмайын деп Жаңа жыл кешінде 2 шумақ өлең шығарып айтым. Содан бері әдебиетке деген махаббатым оянды. Несіпбек Айтолла айтады ғой “Ақындық жүре пайда болмайды, ол сүйекке бітеді”- деп.

Тума талант иелерінің әрбір айтқан сөзін Мағжан атамыз сенген жастар ұйып тыңдап отыр. Араларында ақындық өнерді жандарына серік еткен ұл-қыздар да бар. Солардың бірі – Махаббат Тоқтар.

Махаббат Тоқтар, Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Ерте жастан бойымда ақындық өнердің барын білдім. Түрлі оқиғаларға байланысты шабыт туып, өлең жаза бастадым. 15 Ақындарымыз біздің мектепке келіп, тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Бұл, әрине, біздің ақындыққа деген қызығушылық, талпынысымызды арттырғаны анық.

Жалпы, “Ақынын ұлықтаған ел бақытты” атты әдеби кеш Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Замандар жырлары” жобасы аясында өткізіліп жатыр.

Жарқын Жұпархан, айтыскер ақын:

– Бұрындары мұндай кездесулер көптеп ұйымдастырылатын. Бірақ, онда бір-бірден баратынбыз. Бүгін енді 4 бірдей ақынның басын қосып, жастармен кездесу жасап жатыр. Біз үшін жастармен кездесу өте маңызды. Бізбен кездесіп отырған балалар әдебиетке, өнерге, мәдениетке құштар балалар сияқты. Мүмкін, олардың араларында ақындар бар шығар. Соларға түрткі болғымыз келеді.

Шара барысында Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-ші сынып оқушысы Мағжан Мақтабек Жарқын Жұпарханмен айтысты. Осылайша шалқар шабыт иесі жас айтыскердің қарым-қабілетін бағалады.

Алдияр Айтпаев