Білім

Жаңа Қазақстан: жас педагогтардың рөлі


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені, олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұрғанын тілге тиек етіп, елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек екенін айтқан болатын. Берілген тапсырмаға сай, қазір облысымызда түрлі іс-шаралар қолға алынуда. Яғни, ұстаздардың біліктіліктерін арттыру бағытында жиындар өткізіліп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Жас педагогтар үшін бұл ауадай қажет дейді Ақжар ауданынан келген маман Қуандық Жолтайұлы.

Қуандық Жолтайұлы, Талшық орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, Ақжар ауданы:

– Қазіргі таңда жас мамандарға осындай ашық диалог алаңы керек. Өздерінің ойларын ашық айтып, пікірлерін жеткізе алатын.

«Жас маман – жаңа қадам» атты дөңгелек үстел жиынына өңіріміздің үздік жас педагогтары қатысып жатыр. Мұнда мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековке өз ұсыныстарын жеткізді.
Ұстаздар қауымы ассоциация құру қажеттігін айтты.

Нәзір Жәшібеков, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бізде жас мұғалімдерге арналған арнайы ассоциация жоқ. Осы кездесуден кейін бұл ұйымды құрамыз.

Айта кетейік, қазіргі күні облысымызда 3 мыңнан аса жас педагог жұмыс істейді. Бүгінде олардың 850-ге жуығы педагог-модератор деңгейін меңгерген, ал 518 мұғалім облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктілікке ие.

Бердимурат Баймухан