Бизнес және экономика

Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасына – 5 жыл

Солтүстік Қазақстанда жасалған! Осыдан 5 жыл бұрын жергілікті ерлі-зайыпты облыс орталығында “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасын” ашты. Отандық өнім аз уақыттың ішінде ел көлемінде танылып, зор сұранысқа ие болды. Бүгінде мұнда 20-дан астам адам еңбек етіп жатыр.

Дариға Валееваның қолына ине мен жіп алып, түрлі киім тіге бастағанына биыл – 40 жыл. Шамамен 2017-ге дейін әскери киімдер шығаратын
фабрикада еңбек еткен. Өкінішке қарай, ол кәсіпорын жабылып қалыпты. Қол қусырып отыруды құп көрмейтін нәзікжанды сол кезде бірден жаңадан ашылып жатқан “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасына” қызметке тұрған.

Дариға Валееваның жұмыс күні таңғы 8-де басталады. Тәжірибелі маман күніне 30-ға жуық оқушыға мектеп формасын тігеді.

Дариға Валеева, тігінші:

– Осыдан 5 жыл бұрын әскери киім тігетін фабрика жабылып қалды. Біздің ұжымды осы жерге мектеп оқушыларына форма тігуге шақырды. Мұнда жаңа тігін машиналарымен жұмыс жасаймыз. Тауарға сұраныс өте жоғары. Себебі, өнім сапалы.

Иә, тауардың сапасы өте жоғары. Бұл фабрика қажетті өнімдерге материалдарды Түркия елінен әкеледі. Осы ретте кәсіпорынның қалай ашылғандығын айта кетейік.

Бейбіт Күлшікбаева, дүкен директоры:

– Біз алдында мектеп формаларын Түркия елінен әкеп жүрдік. Сол кезде Түркияның фабрикаларында бұл процесс қалай жүретінін көрдік. Сонда оқушыларға сапалы киім тігетін фабриканы неліктен Қазақстанда ашпасқа деген ой келді. Басты мақсатымыз – жоғары сапалы форма тігу.

Фабриканың директоры – Әлия Башеева. Ол жолдасы екеуі отандық өндіріске үлес қосу мақсатында өз ақшаларына осындай кәсіпорын ашқан. Бүгінде ерлі-зайыпты 20-дан астам адамды жұмыспен қаптып отыр. Тігіншілердің орташа жалақысы – 160 мың теңге.

Фабрикада тігілетін киімдер Нұр-Сұлтан қаласына жіберіледі. Солтүстік Қазақстанда шығарылған киім-кешек елордалықтар арасында аса сұранысқа ие екен.

Бейбіт Күлшікбаева, дүкен директоры:

– Біз жылда өзімізді жаңа жағынан көрсетуге тырысамыз. Қазір ұстаздарға арнап та форма тігіеміз.

Бүгінде мамандар 1 айда 3 мыңға жуық мектеп формасын тігеді. Болашақта теріскейлік тігіншілер көрсеткішті арттыруды көздеп отыр.

Дана Ешкенова