Ауыл шаруашылығы

Мамлюттік аграрийлер егін егу науқанына толығымен дайын

Егін егу науқанына дайындықты «Кулик НП» серіктестігі биыл ерте бастаған. Агроқұрылым директоры наурыз айында жиналыс өткізіп, жұмысшылары алдында алдағы атқарылар ауқымды істі айқындап алған. Ал осыдан бірер күн бұрын еңбеккерлер алқаптарда ылғал ұстау, яғни, бораналау жұмыстарына кіріскен екен. Аталған шаруаға тартылған “МТЗ” тракторын Иван Кузьмин тізгіндепті.

Иван Кузьмин, «Кулик НП» ЖШС механизаторы, Мамлют ауданы:

– Борана жаңа, тракторды өткен науқаннан кейін қалыпқа келтіріп, жөндеп алдым. 4 күн бойы алқаптарда ылғал ұстау жұмыстарымен айналыстым. Кеше жауын жауып, істі кідірте тұруға тура келді.

2004 жылы құрылған «Кулик НП» серіктестігінің егін егуге арналған 11 мың гектардан астам жері бар. Биыл соның 8 мың 800 гектарына дән сіңіріледі, ал қалған 2 мыңы парға қалады.

Александр Ефремов, «Кулик НП» ЖШС директорының орынбасары, Мамлют ауданы:

– Биыл 5 мың 133 гектарға бидай және 289 гектар жерге арпа егеміз, ал бұршаққа 269 гектар арнап отырмыз. 1700 гектарға зығыр тұқымын сіңіреміз.

Егін егу науқанына мықтап кіріскен серіктестік тыңайтқышты да молынан алып қойған. Бұл бағытқа аграрий 160 млн теңгеден астам қаржы құйған. Тағы 134 млн теңгеге өсімдікті арамшөп пен зиянкестерден қорғауға арналған химиялық өнім алынған.

Алдияр Айтпаев, тілші:

– Қаз-қатар тізілген мына техникалар егін егу науқанына сақадай сай тұр. Биыл бұл жұмысқа серіктестіктің 70 жұмысшысы мен 40-қа тарта көлігі жұмылдырылмақ. Дәстүрлі науқанды мұндағылар мамыр айының ортасында бастамақ ниетте.

Агроқұрылым алдағы егін егу науқанын өзге аграрийлерден ерте аяқтамақ ниетте. Оған қауқар жетеді. Техникаларының басым көпшілігі жаңа. Кадрлар да жеткілікті. Мұнда берілетін орташа жалақы 180-190 мың теңгені құрайды.

Алдияр Айтпаев