МТРА жаңалықтары

Тәртіп сақшылары жанжалшыл отбасыларды тексеріп жүр

Әдетте тату болыңдар деп балаға айтушы еді бұл жерде балалардың әке-шешелеріне айтуға тура келіп отыр. Полиция қызметкерлері Мамлют ауданының орталығында екі отбасыға бас сұқты. Бірінде – 5-еу, екіншісінде 2 бала бар.
Бұл жанұялардан “Әкеміз жанжал шығарып жатыр” деген жалынышты хабар тәртіп сақшыларына жиі түседі.

Ішіп алса болды отбасының берекесін қашыратындар Петропавлда да, Бескөлде де аз емес. Дүниеге әкелген ұрпағын тәрбиелеуі тиіс жандар тәртіпті де, тәрбиені де өздерінен бастауға асық емес. Жақындарын ренжітеді, кей жағдайда қол көтеруі мүмкін. Полиция қызметкерлері мұндай отбасылармен профилактикалық жұмыс жүргізіп тұрады. Ерлі-зайыптыларға олардың міндеттері мен құқықтары түсіндіріледі.

Айгүл Кәрімова, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:

– 2022 жылдың 3 айы ішінде отбасылық-тұрмыстық салада жасалған 561 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Олар бойынша 170 адам әкімшілік қамауға алынса, 83 адам ескертілді және бір адамға айыппұл салынды.

Облыста жыл басынан бері жанжалқойларға қатысты 847 қорғау ұйғарымы шығарылды. Талапты бұзған 60-ға жуығы жауапқа тартылды. Отбасының берекесін қашыратындар – тәртіп сақшыларының жіті бақылауында. Өңірде мұндай 850-ге жуық адам арнайы есепте тұр.

Данаш Хамзина