МТРА жаңалықтарыҚоғам

Мамлюттік кәсіпкерлер кіші буын оқушыларын тегін тамақтандыруда

Сағат тілі 5 минутсыз 11-ді көрсетіп тұр. Демек, қазір Белое орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары үшін қоңырау соғылады.

3-ші сабақтан кейін ұл-қыздар асханаға бет алды. Бір кездері ақшаға сатып алып ішетін тамақтарын бүгінде оқушылар тегін алып жүр. Бұл оң өзгеріске жергілікті кәсіпкерлер сеп болған екен.

Елена Хоменко, Белое орта мектебінің директоры, Мамлют ауданы:

– Өңір жетекшісі Құмар Іргебайұлы бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтануын қамтамасыз етуді тапсырған еді. Бұл бастаманы аудан әкімі мен жергілікті серіктестік иелері бірауыздан қолдады. Нәтижесінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 22 бала мен 58 бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанып жүр.

Білім ұясында барлығы 118 оқушы білім алады. Жергілікті серіктестік басшыларының арқасында қазіргі таңда олардың 80-і мектепте тегін тамақтанып жүр. Бұған ата-ана да, ұл-қыздардың өздері де дән риза.

Мектепішілік қайырымды іске Белое ауылдық округінің 3 бірдей серіктестігі ат салысқан. Соның бірі – «Кулик НП» шаруа қожалығы. Аталған серіктестік басшылығы білім ұясына тұрақты түрде көмектесіп тұрады екен. Жыл сайын мекеменің жөндеу жұмысына ақша бөліп, қыстыгүні айналасындағы қарды да тазалап беріп отырады.

Александр Ефремов, «Кулик НП» ЖШС директорының орынбасары, Мамлют ауданы:

– Мектепке қолдан келгенше көмектесіп тұрамыз. Қыста қары мен күлін тазалаймыз. Ауыз суын жеткізіп береміз. Өткен жылы білім ұясының алдына қоршаулар орнаттық.

Жалпы, мамлюттік кәсіпкерлер мұндай бастаманы мықтап қолға алған. Бүгінде ауданда 23 орта мектеп болса, соның 19-ында бастауыш сынып оқушылары үшін асханада тамақтану тегін.

Алдияр Айтпаев