Аптадағы маңызды жаңалықтар

Еуропалық одақтың өкілі Қызылжар ауданында болды

“Ауылдың дамуы – елдің дамуы” жобасына енген елді мекендердің бірі – Қызылжар ауданы. Алдағы уақытта мұнда кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту бойынша көптеген бастама қолға алынбақ. Осыған орай шетелдік маман аудан орталығы Бескөл ауылына барды. Мұнда Йоханнес Стенбек Мадсен кәсіпкерлер мен белсенді жандардың сұрақтарына жауап берді. Көпшілікті «Бұл қолдаудың мақсаты қандай?» деген сауал мазалайды екен.

Йоханнес Стенбек Мадсен, Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің жетекшісі:

– Ең алдымен, Қазақстан – Еуропалық одақтың сауда саласындағы маңызды серіктесі. Соңғы статистикаға көз жүгіртейік, тауар айналымы 25 млрд еуроны құрады. Сол себепті, сіздермен әріптестікті нығайту еуроодақ үшін өте тиімді. Қазақстанның табиғады да керемет, алдағы уақытта турист ретінде келіп тұруды қалаймыз.

Жиын барысында тұрғындар өз ұсыныстарын білдірді. Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмағали Қожахметов артта қалып қойған ата кәсіп – жүн мен тері өңдеу қолға алынса екен деген өтінішін айтты.

Жұмағали Қожахметов, Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бүгінде ауылдарда мыңдаған тонна жүн мен тері ешқайда жаратылмай қоқысқа тасталады. Себебі, оны өңдейтін ешкім жоқ. Сіздерді орта бизнеске қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Жаңа кәсіпорындар ашу қажет.

Бұл жобаға өңірден Қызылжар ауданынан өзге Айыртау мен Мамлют аудандары да қатысады. Жобаның жалпы бюджеті 135 млн теңгені құрайды. Қомақты қаржының көмегімен 90 кәсіпкер өз ісін дамыта алады немесе жаңадан бизнес аша алады дейді Еуроодақ өкілдері.

Бердимурат Баймухан