МТРА жаңалықтарыСпорт

«Есіл СК» ВК-ның ойыншылары БАҚ өкілдерімен кездесті

«Есіл СК» волейбол клубының ойыншылары бүгін БАҚ өкілдерімен кездесті. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде спортшылар тілшілердің сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Дүбірлі додадан жүлделі оралған волейболшылар, әзірге, демалыста. Жақын арада олар кезекті жарыстарға дайындала бастайды. Соның ішінде ең маңыздысы – келесі жылы өтетін Қазақстан чемпионаты.

Алексей Теренин, «Есіл СК» ВК бас жаттықтырушысы

– Өткен жылы Қазақстан чемпионатында біздің құрама 3-ші орынға ие болды. Биыл міне күміс жүлдегер атандық. Бұның барлығы – тынымсыз дайындықтың нәтижесі. Келесі лигада жеңімпаз атану үшін аянбай тер төгуге дайынбыз. Жуырда дайындықты бастаймыз. Бізді қолдап, жанкүйер болған жерлестерімізге алғысымыз шексіз.

Александр Кувшинов, «Есіл СК» ВК құрылтайшысы:

– Әр маусым сайын біз үздік 14 волейболшыны анықтаймыз. Дәл сол спортшылар дүбірлі додада өңірдің намысын қорғайды. Егер біреуі жарақат алып жатса, келесі спортшыға алмастырамыз. Жалпы, «Есіл СК» волейбол клубында 45 адам жаттығады. Біздің басты мақсатымыз – легионерлерсіз жергілікті ойыншылардан мықты құрама жасақтау.

Дана Ешкенова