Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үшжақты меморандумға қол қойылды

“Ауылдың дамуы – елдің дамуы” жобасының басты мақсаты – аудандарда
өзін-өзі басқару жүйесін дамыту және ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсарту.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Еуропалық одақ біздің өңірге осындай үлкен грант бөліп, өзін-өзі дамыту жобасын іске асыратын болады. Жобаның басты мақсаты – жергілікті халықпен тығыз жұмыс жасау, өзін-өзі басқару жүйесін түсіндіру, жергілікті 24 ауылдың тұрғындарымен жұмыс істеу. 90-нан астам шағын кәсіпкерге қолдау көрсету. Яғни, оларға істерін ашу үшін грант беріледі. Біз әкімдік тарапынан бұл жобаны қолдаймыз.

Бұл жаңа жобаға өңірден әуелі 3 аудан қатысады. Олар: Қызылжар, Айыртау және Мамлют аудандары. Жоба “Азаматтық қоғам ұйымдары және жергілікті өзін-өзі басқару” бағдарламасы бойынша Еуропалық одақтың грантына ие болды.

Йоханнес Стенбек Мадсен, Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің жетекшісі:

– Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі барлық елге қажет деп ойлаймын. Мысалы, мен өзім Даниядағы кішкентай қалада туып-өстім. Бізде барлығы – 7 мың халық тұрды. Еуропалық одақ Қазақстанмен бірге жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға дайын. Бұл жоба зор мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін.

Жобаның жалпы бюджеті – 281 мың евро. Яғни, 135 млн теңге. Қомақты қаржының көмегімен 90 кәсіпкер өз ісін дамыта алады немесе жаңадан бизнес аша алады. Бастысы, іскер жандар кәсіптерін аудандарда дамытуы тиіс.
Сонымен қатар, жаңа жоба аясында 100-ден астам ауыл тұрғыны жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін меңгеру үшін арнайы тренингтерге қатыстырылады.
Жобаны өңірде “INTEGRITY ASTANA” жекеменшік мекемесі облыстық әкімдікпен бірлесіп жүзеге асырады.

Жиын соңында “Ауылдың дамуы – елдің дамуы” жобасының бастамашылары өзара әріптестік жөнінде үшжақты меморандумға қол қойды.

Дана Ешкенова