МТРА жаңалықтары

СҚО-да дамуы қала деңгейімен пара-пар ауыл бар

Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское дейтін ауылға кіріп келсеңіз өзіңізді шет елде жүргендей сезініп қаласыз. Мұндағы инфрақұрылым деңгейі аудан орталықтарынан асып түседі десек артық айтқанымыз емес. Көшелер мұнтаздай тап-таза, жарықтандырылған, үйлерге су кіргізілген.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Новоникольское ауылындағы жолдар да тақтайдай теп-тегіс. Мұндағы көшелердің барлығы асфальтталғандықтан оқушылардың бәрі мектепке велосипедпен жетеді екен.

Иә мектеп оқушылары да, темір тұлпар тізгіндеген жандар да ауыл көшелерімен емін-еркін қозғала алады. Селолық округ әкімі Елена Захарованың айтуынша биыл округтегі жолдардың сапасы 100 пайызды құрайды. Тек Новоалександровка ауылында ғана 1 км-ден астам жолды жөндеу қажет. Бұл биыл шешімін табатын дүние дейді әкім.

Елена Захарова, Новоникольский ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Жалпы, біздің округке 3 ауыл кіреді. Олар: Трудовое, Новоалександровка мен Новоникольское елді мекендері. Ауылдарда қазір айтарлықтай проблема жоқ. Тек бір мәселе – Новоалександровкадағы интернеттің жылдамдығын арттыру қажет. Оны биыл атқарамыз.

Шынымен де, бұл елді мекендерде ауыз көпіріп айтатындай мәселе жоқ. Адамдардың өмір сүру деңгейі жақсы. Тұрғындардың барлығы жергілікті шаруашылықтарға жұмысқа орналасқан. Ешкім қол қусырып отырмайды. Жалақыларының орташа мөлшері 150 мың теңгені құрайды. Мұның барлығы жергілікті кәсіпкерлердің әкімдікпен өзара тығыз қарым-қатынасының арқасында жасалып отыр дейді әкім.

Елена Захарова, Новоникольский ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– «Зенченко» командиттік серіктестігі ауылдардың дамуына көп көңіл бөледі. Жыл сайын инфрақұрылымды жақсартуға қомақты қаржы бағыттайды. Осындай елім дейтін азаматтардың қолдауының арқасында біздің тұрғындар қазір еш уайымсыз өмір сүріп жатыр. Кәсіпкерлердің арқасында балалар 11-ші сыныпқа дейін тегін тамақтанады. Түрлі үйірмелерге де тегін қатысады.

Елена Захарова кәсіпкерлерді мақтаса, жергілікті тұрғындар әкімнің де еңбегін бағаламай кетпеске болмайды дейді. Айта кеткен жөн, былтыр ауылда әкім сайлауы өтті. Тұрғындар 3-ші рет округ басшысы ретінде Елена Захарованы таңдаған екен.

Бердимурат Баймухан