Қоғам

Петропавлда “Бақытты отбасы” орталығы ашылды

Бүгін орталыққа қала тұрғыны Айжан Шәріпова келді. Мекемеге кіре сала нәзікжандыны мамандар қарсы алды. Жалғызбасты ана “Бақытты отбасы” жобасы жайлы интернет желісінен біліп келіп отыр екен. Мақсаты – заң және психологиялық тұрғыда кеңес алу.

Айжан Шәріпова, қала тұрғыны:

– Екі баламды өзім жалғыз асырап отырмын. Табысым аз. Соны айтып едім, мұндағы мамандар атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат дайындауға көмектесетіндерін айтты. Психологиялық тұрғыда да біраз ақыл-кеңес алдым.

Бүгін Айжан Шәріпова тек қана заң және психологиялық тұрғыда көмек алып қойған жоқ. Мамандармен сөйлесе келе нәзікжанды арнайы курстар жайлы да білді. Орталықта 8 сала бойынша 12 сағаттық курстардан өтуге болады екен. Жалғызбасты ана кестелеу станогының операторы кәсібін таңдады. Енді мамырдан бастап осы бағытта екі күн бойы білім алмақ. Арнайы сертификат алғаннан кейін Айжан Шәріпова станок сатып алып, өз ісін бастамақ ниетте.

Резеда Баймұхаметова, “Демеу” орталығының психологы:

– Аталған көмек 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көрсетіледі. Орталық тек облыс орталығында ғана көмек көрсетпейді. Алдағы уақытта біздің мамандар аудандарға шығып кеңес бермек. Осы сәуір айында жақын тұрған аудандарға барамыз. Курстардан ауданда өтуге болады.

Бүгінде орталықта 5 адам жұмыс істейді. Сәуір айының басында ашылған орталыққа бүгінге дейін 6 адам келіп, көмек сұраған. Осы ретте әлеуметтік көмек алуға ниетті жандар 50-01-13 нөміріне хабарласып немесе Шухов көшесі, 30 мекен жайына барып маман көмегіне жүгінулеріне болады.

Алдияр Айтпаев