МТРА жаңалықтары

Петропавл тұрғыны алаяққа 10 млн теңгеге алданып қалды

Біреу емес, екеу емес, бақандай 10 млн теңгеге алданып қалды.
Петропавл қаласының тұрғыны алаяқтарға кез болып, оңбай опық жеді.

58 жастағы әйел адамға біреу қоңырау соғып өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Кейін екіншісі WhatsApp арқылы шығып, ол да өзін банктің өкілімін деген. Екеуі екі жақтан қаумалап, әңгімелерін “Біреу сіздің атыңызға несие рәсімдеп жатыр” деп бастайды. Әдеттегі схема бойынша аңғал әйелге “Күдікті істің күшін жою үшін іс жүзінде қарыз алу қажет” деген. 4 жарым млн теңге несие рәсімдетіп, оған өзінің депозитіндегі ақшаны қосқызып, ақыры соңында жиналған 10 млн теңгені алаяқтар жымқырып кетіпті. Алаяқтардың барын әрі осындай әдіс қолданатынын біле тұра қала тұрғыны қулардың құрығына қалай түсіп қалғанын білмей дал. Айтуынша пысықайлар жылы-жылы сөйлеп, жаны ашыған банк маманы боп көрінген. Бұл факті ҚР ҚК 190-шы бабының 3-ші бөлігі – “Алаяқтық” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Данаш Хамзина