МТРА жаңалықтары

Электр желілерін таратушы компанияның қаржылық жағдайы мүшкіл

Солтүстік Қазақстан элект желілерін таратушы компания Петропавл мен 8 ауданға қызмет көрсетеді. Акционерлік қоғам күнделікті 163 мыңнан астам адамды жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр бұл бағытқа кәсіпорын 1 млрд 283 млн теңгеден астам қаражат құйған екен. Нәтижесінде компанияның техникалық қауқары сәл де болсын жақсарыпты.

Анатолий Казановский, «СҚ ЭЖТК» АҚ бас директоры:

– Құрылыс және қайта құру бағытында 677,72 млн теңге игерілді. Қуаттылығы 25 және 16 мегаватт болатын екі трансформатр ауыстырылды. Ал жаңғырту бағытында автоматтандыру және механикаландыру бойынша техникалық құралдар кешені жаңғыртылды. Сондай-ақ, 15 арнайы техника мен 40 дана күштік трансформаторлар сатып алынды.

Компанияның басым бағыттарының бірі – тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту. Бірақ, бұл үшін инвестиция көлемін 1 млрд 200 млн теңгеден 11 млрд-қа дейін өсіру қажет екен. Әзірге, ол мүмкін болмай тұр. Тұрғындардан алынатын тариф төлемі 2025 жылға дейін бекітілген. Акционерлік қоғамның тағы бір күрмеуі қиын мәселесі бар. Кәсіпорынға кадр жетіспейді. Жалақының аздығынан мұнда жұмысшы тұрақтамайды.

Анатолий Казановский, «СҚ ЭЖТК» АҚ бас директоры:

– Жалақы мөлшері де тікелей тарифпен байланысты. Сол себепті, жұмысшылардың еңбекақысын көтеру қолымыздан келмейді. Бүгінде орташа жалақы мөлшері 130 мың теңгені құрап отыр. Компанияға 150 қызметкер керек. Яғни, негізгі болуы керек штаттың 12% жоқ.

Компанияда тер төгіп жатқан жандардың көбісінде еңбек өтілі 1-1,5 жылдан аспайды. Акционерлік қоғамның бас директоры Анатолий Казановскийдің айтуынша бұл энергетика саласында еңбектенетін маман үшін аздық етеді. Кәсіпорында білікті мамандардың тұрақтап қалуы үшін жалақыларын өсіру қажет. Бұл да қаржы мәселесіне келіп тіреледі.

Алдияр Айтпаев