МТРА жаңалықтары

СҚО кәсіпкерлері бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновпен кездесті

Қабылдауда алдымен бизнесмен Мұрат Карбузовтың мәселесі тыңдалды. Өткен жылдың наурызында бейнебақылау жүйесін орнатумен айналысатын іскер жанның жеке кәсіпкерлігі “Коммунхоз” серіктестігімен келісімге келіпті. Жұмыс толық көлемде атқарылған екен. Алайда, азаматтың қолына қызмет ақысы әлі күнге дейін тимепті.

Мұрат Карбузов, “Карбузов М.К.” ЖК басшысы:

– “Коммунхоз” серіктестігі бізге 6 ай бойы атқарылған шаруа үшін ақы төлемей отыр. Қарыз көлемі 2 млн 160 мың теңгені құрайды. Кәсіпорында қызмет ететін мамандардың сөзінше, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі оларға қаржы бөлмей отыр.

Осы жерде мәселені ашып алайық. Басы дауға қалған ұйым қалалық әкімдікке қарайды. Аталған кәсіпорынға қатысты жағдаймен облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев жақсы таныс. Ол “Коммунхоз” серіктестігі жалғыз Мұрат мырзаға емес, өзге де бизнес субъектілеріне қарыз дейді. Берешектің жалпы көлемі 400 млн теңгеден асып жығылады.

Жеңіс Қазиев, СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда “Коммунхоз” серіктестігіне қатысты 18 атқарушылық іс жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардан бұл серіктестікке берешекті өтеу үшін қаражат бөлуді сұраймыз. Ал “Карбузов М.К.” жеке кәсіпкерлігіне сот тәртібімен немесе нотариустың көмегімен қарызды өндіріп алуға көмек көрсетуге дайынбыз.

Қазақстан кәсіпкерлері құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бұл мәселені жергілікті кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне бақылауда ұстауды тапсырды. Осыдан кейін бизнес-омбудсменге “Kyzylzhar buses” серіктестігінің өкілі Наурызжан Исмаилов жүгінді. Өткен жылы ол қалалық әкімдікпен қоғамдық автобустарды жаңарту үшін келісім шарт жасасыпты. Азамат ойлағанын жүзеге асыру үшін “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан несие алған. Шаруа ойдағыдай тындырылған. Бірақ, жергілікті билік бизнесменге шартта көрсетілген ай сайынғы субсидияны төлемей қойған.

Наурызжан Исмаилов, “Kyzylzhar buses” ЖШС өкілі:

– Қыркүйек айынан бері қалалық әкімдік 5 қалаішілік автобусқа субсидия төлемей келеді. Бүгінде қарыз көлемі 211 млн теңгені құрайды. Берешек күннен-күнге өсіп барады. Біз мәселені билікке жеткізіп көрдік. Алайда, ТҮКШ бөлімі мүлде жауап қатпайды.

Қабылдауда мәселенің мән-жайын түсіндіретін қалалық әкімдіктен ешкім болмады. Осы сәтте жиналғандардың назары облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжіновқа ауды. Оның сөзінше, маршруттарды субсидиялауға арналған қаржы әкімдікке аударылған. Ақша қайда жұмсалды әлде игерілмей тұр ма? Бұл сұрақтарға жауап табылмады. Енді мәселені Рустам Жүрсінов шаһар басшысы Болат Жұмабековпен кездесу барысында талқыламақ.

Рустам Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:

– Мен бұл мәселені қала әкімімен бірге талқылау керек деп ойлаймын. Кездесуден кейін проблема шешілмесе, құқық қорғау органдарына жүгіну керек.

Жиын соңында Рустам Жүрсінов жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне кәсіпкерлердің мәселелерін бірлесіп шешу керектігін айтты. Себебі, мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – бизнесмендерді қолдау әрі қорғау.

Дана Ешкенова