Мәдениет

“Өткеніміз әрдайым жанымызда” апталығы тәмамдалды

Байқауға “Солтүстік Қазақстан облысының тарихи, архитектуралық және археологиялық орындары” тақырыбында жазылған 121 жұмыс жолданыпты. Қазылар алқасы әр шығарманы жіті қараған екен.

Жүлдегерлер анықталды. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада үздік шығарма авторлары марапатталуда. Шалақындық Ақжол Жамантайға 2-ші орын бұйырды. Оның туындысы кіндік қаны тамған аудандағы қорым жайлы.

Ақжол Жамантай, Академик Е.А.Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы, Шал ақын ауданы:

– Менің шығармам “Байқара” қорымы туралы. “Байқара” қорымы Сергеевка қаласынан 3 шақырым жерде орналасқан. Ол Темір дәуіріне жатады. Оны Ақышев, Зайберт және Плешаков зерттеген. Мен бұл шығарманы атаммен жаздым. Атам тарихи жерді бұрынан біледі. Көп деректермен бөлісті.

Тарих пәне әдебиетті ұштастырып, өткеніміз жайлы қалам тербеген ұл-қыздар диплом, естелік сыйлықтар және ақшалай жүлдемен марапатталды. Шарада Абылай хан резиденциясының өкілі де сөз алды. Ол залдағы жастарға бір кездері 3 жүздің басын біріктіріп, жауға қарсы тұрған бабамыздың қаламыздағы ақ үйі жайлы баян етті.

Рақат Мамбеталинов, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Бүгін облысымызда “Өткеніміз әрдайым жанымызда” апталығын қорытындылап отырмыз. Елімізде мұндай апталық тек біздің өңірде ғана ұйымдастырылды. Оның аясында түрлі маңызға ие бірнеше іс-шара өткізілді. Соның бірі – шығармалар байқауы. Бұл конкурсты жастарға тарихи орындарды таныстыру, мән-маңызын ұғындыру мақсатында жарияладық.

Бүгінгі күні өңірде мемлекет қорғауына алынған 600-ге тарта тарихи-мәдени ескерткіш бар екен. Оның 8-і республикалық маңызға ие.

Байболат Култанов