Қылмыс

Кресло сатқыш алаяқтардан сақ болыңыз!

Сыйлық ұтып алдыңыз деп зейнеткердің қолына түрлі құнды дүниелерді табыстаған. Қарт адамға механикалық массажер, ауаны озондағыш қондырғы, Жаңа Зеландияда тігілген жылы көрпе мен басқа да заттар тегін берілген екен. Осы уақытта қуаныштан басы айналған жанға саудагерлер бір-екі жапырақ қағаз әкеліп қол қоюын өтінеді. Мұны сый алғанын растайтын құжат деп түсіндіріпті. Өзін суретке де түсіріп алған.

Борис Тягунов, қала тұрғыны:

– Бұл кредит пе деп сұрасам, жөнді жауап қатпай, әңгімені басқа жаққа бұрып әкете берді. Сосын қағазға қол қойған соң, заттарыммен бірге үйіме дейін жеткізіп тастады. Өте сыпайы адамдар болып көрінді. Кешке балаларым үйге келген соң ғана жағдайдың анық-қанығын түсіндім. Сөйтсем, әлгі адамдар атыма несие рәсімдеген екен.

Осылайша алаяқтар Борис Тягуновтың атына 800 мың теңгеге жуық несие рәсімдеген. Былтыр облыстың 15 тұрғыны алаяқтардың қармағына ілінді. Сан соғып қалған солтүстікқазақстандықтар мәселесін облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығына жеткізген. Мамандар өз кезегінде құқыққорғау органдарына жүгініп, түйткілді біржақты етіпті. Қазіргі күні алаяқтар ақшаның басым бөлігін қайтарған. Ал биылдан бастап қулар жаңа тәсілге көшкен сыңайлы.

Надежда Дубовая, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Қазір олар кредиттік келісімшарт емес, тауарды бөліп төлеуді рәсімдей бастады. Яғни, Жапонияда өндірілген массаж жасайтын кресло сатқан болып, оның орнына басқа затты жеткізіп береді. Сөйтіп, іздерін суытады.

Бір қызығы, презентацияға келетін адамдардың басым бөлігі зейнет жасындағы кісілер екен. Қарттардың нөмірін алаяқтар қайдан алғанын, кім бергенін ешкім әлі білмейді. Сонымен қатар, саудагерлер банктермен де тығыз қарым-қатынас жасайтын көрінеді.

Надежда Дубовая, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Қаржы ұйымдарының 3-ші адамның атынан несие рәсімдеуге құқықтары жоқ. Бірақ, бәрібір заңсыз жолмен тұрғындардың атына несие рәсімделіп жатыр.

Әзірге, алаяқтарды ұстау мүмкін болмай отыр. Олар компания атауын жиі өзгертіп, презентация өткізетін орындарын ауыстырып отырады. Сондай-ақ, 2023 жылға дейін енгізілген мораторий аясында кәсіпкерсымақтарды тексеруге де болмайды екен. Осы орайда облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері өңір тұрғындарын сақ болуға шақырады.

Бердимурат Баймухан