Спорт

Петропавлда кекушинкай каратеден облыс чемпионаты өтті

Дүбірлі додаға 400-ге жуық спортшы жиналған. Каратешілер 3 бірдей татамиде күш сынастырып жатыр. Соның біріне 40 салмаққа дейінгі дәрежеде петропавлдық Тимур Нығметов шықты. Қарсыласы да облыс орталығынан. Екеуіне 2 минут уақыт берілді. 13 жасар Тимур бәсекелесінен басым түсті.

Тимур Нығметов, жарысқа қатысушы:

– Мен каратемен 7 жыл айналысамын. Бұл – бірінші бәсеке. Алда әлі 2 кездесу өткіземін. Қарсыластарымның барлығын жеңемін деген ойдамын.

Ал 11 жасар Әмірхан Құрманғұжыновқа бірінші кездесуінде жеңіске жету оңайға соқпаған сыңайлы. Бірақ, 2 минуттың ішінде қарсыласының осал тұсын байқап үлгерген екен.

Әмірхан Құрманғұжынов, жарысқа қатысушы:

– Қарсыласым осал болған жоқ. Алайда, оған төзімділік жетіспеді. Қазір келесі жекпе-жекке дайындаламын. Алдағы уақытта ел чемпионатына қатысамын.

Облыстық чемпионатта жас каратешілер 34 салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Жас аралығы 6 мен 13-тің аралығын құрайды.

Владимир Витченко, Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы облыстық филиалының директоры:

– Қатысушылардың арасында республикалық және әлемдік деңгейде сынға түсіп, жүлде алғандар бар. Осы додада чемпион атанғандар қазан-қараша айларында Петропавлда өтетін халықаралық «Сұңқар» турниріне қатысады.

Облыстық чемпионатқа қатысып жатқан 400-ге жуық бала Петропавл мен 6 ауданнан жиылған. Қазылар алқасының мүшесі әрі қалалық мәслихат төрағасы Арман Бердағұловтың айтуынша карате спорты өңірде қарқынды дамып келеді.

Арман Бердағұлов, қазылар алқасының мүшесі:

– Облыстық филиалдың құрамына 2 мыңнан астам астам каратеші барып жүр. Соның 50 пайызы тегін түрде спортпен айналысады. Біздің құрамада облыс чемпиондары, республика чемпиондары және әлем чемпиондары бар. Біздің қаламызда осындай бұқаралық спорт өте жақсы дамып келе жатыр. Жазда облыс орталығында тегін секциялар ашылады.

Еске сала кетейік, бүгінгі турнир «Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымының» 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Самал Жунусова