Әр түрлі

Петропавлда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі жалғасуда

Валентина Коврижкина тауарды сатып алмас бұрын, оның сапасы мен ыңғайлылығына аса мән береді екен. Барлығын жіті қарап шықты. Зейнеткер Беларусь аяқ кимідерінің жәрмеңкесіне осымен 2-ші рет келіп отыр. Бұл жолы ол жолдасына сапалы өнім алды.

Валентина Коврижкина, қала тұрғыны

– Мұнда ассортимент кең. Ер адамдарға да, әйел адамдарға да таңдау бар. Бүгін жолдасыма аяқ киім сатып алдық. Оның аяғы жалпақ келгендіктен, қажетті дүниені қарапайым дүкендерден таба алмайсың.

Жәрмеңкеде Валентина Коврижкина сияқты Беларусь аяқ киімін сатып аламын дейтіндер жетерлік. Бірі жазғы тауар іздестіріп жүрсе, енді бірі көктемге арналғанын қарастыруда.

3 күн бұрын ғана жәрмеңке 400-ден астам аяқ киім жұбымен толығыпты. Бір қызығы, теріскейліктер тауардың жаңа легін түгел сатып алған екен. Сұраныс жоғары болғандықтан шетелдік саудагерлер алдағы күндері сөрелерді кезекті партиямен толтырмақ. Саудаға тек жазғы өнім шығарылады.

Иван Коваленко, сату жөніндегі менеджер, Беларусь Республикасы:

– Петропавлдықтарды аяқ киімдер жәрмеңкесіне шақырамыз. Тауардың барлығы сапалы, басым бөлігі былғарыдан тігілген. Оған қоса өнімнің басым бөлігі ортопедиялық. Жәрмеңкеде ерлер мен әйелдердің аяқ киімінің түр-түрі бар.

Қазіргі таңда жәрмеңкеге шамамен 600 жұп аяқ киім қойылған. Әрқайсысының үлгісі әр түрлі. Дені жазғы мезгілге арналған. Шаһарда Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі мамырдың 1-не дейін жалғасады. Тұрғындар қажетті тауарды Уәлиханов көшесі, 15А мекенжайы бойынша таба алады.

Дана Ешкенова