Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды

“Азко-Жаңажол” серіктестігінің басшысы Айдар Жанзақов жұмысшыларының жалақысын жыл сайын 30%-ға пайызға өсіріп отырады. Агроқұрылымда 60-қа тарта адам тер төгеді. Олардың айлық орташа табысы 160 мың теңгені құрайды. Іскер азамат қол астындағы еңбеккерлермен қатар, пайшыларды да назарсыз қалдырмайды.

Айдар Жанзақов, “Азко-Жаңажол” ЖШС басшысы, Шал ақын ауданы:

– Жаңажол ауылында 270 пайшымыз бар. Жыл сайын бір жарнашыға 600 келі жем беріледі. Өткен жылдың өзінде тұрғындарға 320 тонна арпа таратылды. Мал азығының жартысын ұнмен де алуға болады.

Бірақ, пайшыларға берілетін мал азығының көлемі 2004 жылдан бері өзгермей келеді екен. Мұны Жаңажол ауылының тұрғыны Болат Омаров алға тартты.

Болат Омаров, Жаңажол ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Басында қалай басталды, әлі солай берілуде. Жан басына – 300 келі жем мен 2 қап ұн. Одан бері қарай астықтың бағасы да өсті,
бәрі де қымбаттап жатыр.

Айдар Жанзақов, “Азко-Жаңажол” ЖШС басшысы, Шал ақын ауданы:

– Әр пайшының бізде 5,2 гектар жері бар. Жарнашыға 600 келі жем беру үшін бір гектардың шығымдылығы 25-30 центнерді құрауы тиіс. Біз осы көлемде жинасақ та, жинамасақ та халыққа 600 келі өнім таратамыз. Пай беру жөнінен біздің серіктестік аудан бойынша алда деп ойлаймын.

Жәудір Бердібекова болса елді мекендегі ет пен сүттің құнсыздығын айтып күйінеді. Қазіргі таңда мұндағы қыз-келіншектер сиыр сауып, сүттің литрін небәрі 80 теңгеге өткізеді екен. Ал малдың бағасы, тіпті, көңіл көншітпейді. Келіп-кетер кәсіпкерлер ауылдағы ағайынға 1 келі ет үшін 1000-1500 теңгеден ғана беретін көрінеді. Сол үшін де тұрғындар ауыл дәміне жөнді баға ұсынып, қабылдайтын тұрақты жер болса дейді.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:
– Аудан орталығында сататын жерлеріміз бар. Одан қала берді ауыл шаруашылық бөлімі жұма сайын жәрмеңке өткізеді. Сол жерге тауарларыңызды шығарып, сатуларыңызға мүмкіндік қарастырылған. Арнайы кооператив ашу жұмысы да қарастырылады.

Ауылдағы ағайын көтерген мәселеге қатысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов та өз ойын білдірді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Бұл мәселені мен де жақсы білемін. Жаңа ағамыз айтпақшы, неше түрлі посредниктар келіп, сатып алады да пайдасын көреді. Бір шелек сүтіңізді алып, ауданға апарып сатпайсыз. Оған көлік керек. Бірақ, осы ауылдың азаматтары бірігіп, көлік жалдап, апта сайын аудан орталығына апарып сатуға болады. Кейбіреулер осындай механизмді қолданып жұмыс істейді. Тек қана бірігу керек.

Жиында көтерілген кезекті мәселе жедел жәрдем көлігіне қатысты болды. Жаңажол ауылдық округінің сырқаттанып қалған тұрғынын өзге аумақтың медициналық машинасы тасымалдайды.

Рахат Смағұлов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Бұл жерге Приишимка селолық округінің жедел жәрдем көлігі келіп жұмыс жасайды. Яғни, екі округқа біреу ғана. Себебі, Жаңажол округында халық саны аз.

Жаңажол ауылдық округінде жедел жәрдем көлігіне қатыс гәп мынада. Осыдан екі жыл бұрын жеке кәсіпкер Азамат Таспаев аудан әкімшілігімен келісіп, ауылының игілігі үшін жедел жәрдем көлігін сатып алған екен. Бірақ, азаматқа жергілікті билік “Медициналық машина жаңа болуы тиіс. Бұл көлік жарамайды”, – деп жауап берген. Содан көлік тұралап тұр. Жиында көтерілген мәселені облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз бақылауына алды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл мәселені заңгерлермен бірге қарап алайық. Кішкентай ғана мүмкіндігі болса, бұл көлікті балансқа алып, тұрғындардың қолданысы үшін берейік. Мұны мемлекет әперіп жатқан жоқ. Жеке кәсіпкер өз ауылына жақсылық істеп жатыр екен, онда тұрған не бар. Мен өз басым мұны қолдаймын.

Тұрғындардың мұң-мұқтажын естіп-білгеннен кейін облыс әкімі жеке қабылдауын өткізді. Онда Құмар Ақсақалов екі мәселені қарастырды. Біріншісі – көшелерді жарықтандыру, ал екіншісі – ауылішілік жол салу. Қос проблема жақын арада шешімін табады. Шам орнату жұмысы осы жаздан қалмайды деп сендірді аудан әкімі Рахат Смағұлов.

Алдияр Айтпаев