Денсаулық сақтау

Облысқа ҚР Денсаулық сақтау министрі келді

Бұл – Қызылжар ауданында орналасқан Знаменское дәрігерлік амбулаториясы. Медициналық мекемеге 10 елді мекеннен 3 мыңнан аса адам келіп қаралады. Осыдан екі жыл бұрын нысанға күрделі жөндеу жүргізіліпті. Жаңғырып, жаңа қондырғылар әкелінген соң, қызмет көрсетудің сапасы да артыпты. Айта кеткен жөн, елді мекен аудан орталығынан алыс орналасқандықтан мұнда көрші ауданнан тар бейінді мамандар келіп тұрады екен.

Руслан Мирзоев, Знаменское ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері, Қызылжар ауданы:

– Мұнда біз амбулаторлы-поликлиникалық қызмет көрсетеміз және скрининг жүргіземіз. Науқастарды диспансерлейміз. Сонымен қатар, 4 орынға арналған күндізгі стационар бар, зертханалық жұмыстар жүргіземіз. Аққайың ауданынан ай сайын көшпелі медициналық кешен келіп тұрады.

Дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен Денсаулық сақтау минстрі Ажар Ғиният танысты. Еліміздің бас дәрігері нысан ішін аралады, науқастармен тілдесті, жас мамандармен жүздесіп, олардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді сұрады.

Жас маманның бұл ұсынысын министр толық қолдаймын деді. Айтуынша медицина қызметкері – үздіксіз оқуды, уақыт өткен сайын тәжірибені жетілдіруді талап ететін мамандық. Сол себепті, елді мекендегі ақхалаттылар біліктілікті арттыру үшін облыс орталығына жыл сайын барып тұрулары керек деді. Осы жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне тапсырма берді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Әр тарифте 3-5 пайыз біліктілігін арттыруға қаражат қаралған. Ауылда 4-ші күн қатарынан көшпелі медициналық кешен жұмыс істеп тұр. Сіздер дәрігерлерді облыстық ауруханаларға жіберіп тұруларыңыз керек.

Сонымен қатар, Ажар Ғиният аудандық аурухана өкілдеріне телемедицина бағытына да көп көңіл бөлу қажеттігін айттын.
Бұдан кейін министр Ресей мен Қазақстан шекарасында орналасқан “Қарақоға” бекетіне барды. Бұл жерден күніне 700-ге жуық адам өтеді екен. Шетелден келген азаматтарды жергілікті дәрігерлер қабылдайды, ПТР-тест алады, қажет болса карантинге жатқызады. Барлығына мәлім, қазір Ресей мен Қазақстан арасындағы барлық шекаралық кедергілер алынып тасталды. Яғни, азаматтар екі арада емін-еркін жүре алады. Бірақ, бұл елдегі эпидемиологиялық жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін дейді министр. Осыған байланысты шетелден келгендердің қолында міндетті түрде ПТР-тест нәтижесі немесе вакцина салдырғаны жөнінде паспорты болуын талап ету қажеттігін айтты.

Денсаулық сақтау министрі М.Жұмабаев ауданының орталық ауруханасына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауылдағы ағайынды көбінесе тар бейінді мамандардың жетіспеушілігі алаңдатады. Ауылда кадр тұрақтамайды, келсе, қалаға кетіп қалады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Солтүстік Қазақстан облысына қазіргі күні 280 дәрігер жетіспейді. Жыл сайын елді мекендерге 50-ден аса маман жіберіп отырамыз. Кадр жетіспеушілігін толыққанды шешуге мүмкіндік бар. Бірақ, мәселе басқада. Ұзақ жыл оқыған ақхалаттылар заман талабына сай өмір сүріп, жақсы жалақы мен көтермеақы алғылары келеді. Оларға жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Оған қол жеткізе алмағандар көбінесе кетіп қалады.

Жиын барысында министр денсаулық сақтау басқармасының мамандарына жас кадрларды ауылда орнықтыру үшін оларды тұрғын үймен қамтып, өзге де әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен дәрігерлерді оқытуға қаражат бөлуді тапсырды.

Бердимурат Баймухан