Денсаулық сақтау

Медицина саласындағы кадр тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

№3 қалалық емханаға 72 мыңға жуық қала тұрғыны тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы – балалар. Емдеу мекемесінің қауырттылығы 500 науқасты құрайды екен. Алайда, күнделікті дәрігерлердің қарауына 700-ден аса адам жүгінеді. Олардың бір бөлігі коронавирусқа қарсы вакцина алуға арнайы келеді. Жалпы, емхананың иммундау науқанына қатысты көрсеткіші 70 пайызды құрайды. Бүгінде тұрғындар енді ревакцинацияға белсене қатысуда.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Қорғану керек, инфекция ешқайда кеткен жоқ. Иммунитет болу керек. Күз келгенде,әр түрлі вирустық инфекциялар көтеріледі.

Еліміздің бас дәрігері вакцинация қарқынына оң бағасын берді. Десе де, жұмысты одан әрі күшейту қажет дейді. Кейін министр емханаға қарасты оңалту бөлімшесінің шаруасымен танысты.

Айгүл Тәшімова, №3 қалалық емхананың физиотерапевт-дәрігері:

– Күніне 180-нен 250 адамға дейін оңалтудан өтуге келеді. Олардың арасында балалар да, ересектер де бар. Барлығын алдын ала жазылу бойынша қабылдаймыз. Бізде постковидтік реабилитация да қарастырылған. Былтыр 72 адам, биылғы 3 айдың ішінде 18 азамат өтті.

Мамандармен жүргізетін оңалтудың нәтижесі жақсы. Бірақ, кей қондырғылар әлі де жетіспейді. Физиотерапевт-дәрігер инсульт алған адамдарды аяққа тұрғызуға арналған “корвит” аппараты қажет дейді. Сондай-ақ, ортопедиялық аурулар мен жарақаттан кейінгі реабилитация бағытында да материалдық-техникалық базаны нығайтқан жөн. Ажар Ғиниятты кадр мәселесі де алаңдатты. Тапшылық №3 емханада сезіледі. Бірақ, проблема жақын арада біржақты етілмек.

Асхат Өтебаев, №3 қалалық емхана директорының міндетін атқарушы:

– Биыл 5 тар бейінді маман келеді. Қалаға келген әрбір жас маманға облыстық бюджеттен 1,5 млн көтермеақы беріледі. Біз өзімізден 1 млн теңге береміз. Сондай-ақ, пәтер жалдап тұрса, 45 мың теңгедей қаражат береміз.

Ал, облыстық көпбейінді ауруханада кадр мәселесі өткір тұр. Емдеу мекемесінде бүгінде 4 реаниматолог-дәрігер еңбектенуде. Тұрғындар қажеттілігін толық жабу үшін тағы 10 тар бейінді маман қажет. Одан бөлек, аурухана 12 бірдей акушер-гинекологке зәру. Проблеманы шешу үшін облыстық әкімдік өз есебінен резиденттерді дайындайды. Биылдың өзінде 100-ден аса келісімшарт жасалған.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Елімізде биыл 3900 дәрігер жетіспейді. 5 мыңнан аса дәрігер биыл түлеп ұшады. Жас мамандардың дені Үкімет пен әкімдіктердің тапсырмасы бойынша дайындалды. Енді олар оны 3 жыл көлемінде өтеу керек.

Сондай-ақ, облыстық аурхана дәрігерлері нысанның ескі екенін де тілге тиек етті. Сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсету үшін мамандар тезірек жаңа ғимаратқа көшуді армандайды.

Эльмира Садвокасова