Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрі журналистердің сұрақтарына жауап берді

Өңірде кадр тапшылығы өткір тұр. Облыстағы медициналық мекемелерде 1600-ден астам дәрігер, 6 мыңға жуық орта медицина қызметкері еңбек етеді. Алайда, бұның өзі аздық етеді. 200-ден астам ақхалатты жетіспейді, соның ішінде басым бөлігі – тар бейінді мамандар.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін Министрлік жыл сайын өңірдің қажеттілігін ескере отырып, медицина кадрларын даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөледі. 2021 жылы облыс үшін резидентураның 17 медициналық мамандығы бойынша 89 білім гранты бөлінді. Министрліктің республикалық комиссиясы өңірге 56 түлекті, оның ішінде 20-ын ауылға жіберіп, жұмысқа орналастырды. Жергілікті жерлерде кадрларды ұстап қалу үшін жас мамандарды әлеуметтік қолдау қажет. 2021 жылы облыстық бюджеттен 22 жас маманға көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға 9 несие берілді.

Солтүстік Қазақстан облысында обыр дерті өршіп тұр. Онкологиялық орталықта 10 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Өткен жылы қатерлі дерттен 516 солтүстікқазақстандық көз жұмған. 2021 жылды қорытындылай келе өңірде аталған дертке қатысты аурушаңдық 10 пайызға өскені анықталды. Статистика көңіл көншітпейді. Журналистер министрге “СҚО-да онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау мен күресте нәтиже бар ма?” деген сұрақ қойды.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Солтүстік Қазақстан облысы онкологиялық арулардың аурушаңдығымен де, өлім-жітіммен де еліміз бойынша 3-ші орында тұр.

“Береке” ықшам ауданында салынып жатқан емханаға да қатысты сұрақ қойылды. Құрылысы 2 жыл бұрын басталған нысан жоспар бойынша өткен жылы қолданысқа тапсырылуы тиіс еді. Алайда, іс тұралап қалыпты.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Бұл емхананың құрылысы – министрліктің бақылауында. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді. 250 орынға шақталған емхана ағымдағы жылдың соңында қолданысқа беріледі”.

Ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Андреевка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға, Новоишимское ауылындағы аудандық аурухананың терапиялық және перзентхана бөлімшелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– 2022 жылы жергілікті және республикалық бюджеттердің есебінен медициналық-санитариялық алғашқы көмектің 18 объектісін салу жоспарлануда (4 медициналық пункт, 5 фельшерлік-амбулаториялық пункт, 7 дәрігерлік амбулатория, 2 емхана). Шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін облыста 10 жылжымалы медициналық кешен бар. 2021 жылы 271 елді мекеннің 35 мыңнан астам тұрғынына 60 мыңға жуық медициналық қызмет (диагностикалық, зертханалық зерттеулер, бейінді мамандардың консультациялары, вакцинациялау) көрсетілді.

БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген соң Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қоғамдық қабылдау өткізді.

Дана Ешкенова