Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрі халықпен кездесті

Алдағы уақытта медицина қызметкерлерінің құқықтары қорғалып, мәртебелері артуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі арнайы заң жобасын әзірлепті. Құжат жақын арада Парламентте қаралады. Мінберден сөз сөйлеген еліміздің бас дәрігері ең алдымен саладағы жаңалықтарды жіпке тізді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Сондай-ақ, санитариЯлық-эпидемиологиялық қызметті жанғырту жүргізілуде. Биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасы әзірленді. Қазір Сенатта қаралуда. Медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Баяндамасында Ажар Ғиният өңірдің денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштерге де тоқталды. Динамика әр түрлі. Бір жағдай республикалықпен шамалас болса, екіншісі әжептәуір жоғары немесе төмен.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Облыста жалпы өлім-жітім көрсеткішінің жоғарылауы байқалады. Өткен жылы сәби өлімінің де 8 пайызға ұлғайғанын байқап отырмыз. Ал бала туу көрсеткіші төмен. Осыларды қорыта келе өңірдің денсаулық сақтау саласында шешуді қажет ететін бірталай мәселе барын ұғынамыз.

Өзгеріс орын алады. Биыл өңіріміздегі халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 8 гериатриялық кабинет ашылады. Оларда мамандар тек егде жастағы адамдарға қызмет көрсетпек. Тағы сотталғандарға арналып мамандандырылған дәрігерлік учаске құрылады. Амбулаториялық хирургия да дами түседі. Осы және өзге де жаңашылдықтар тілге тиек етілгесін, кезек сұрақ-жауапқа келді. Алғаш болып Сымбат Есқожина сөз алды. Оның 2 жастағы баласы аса ауыр түрдегі гемофилИя ауруымен күресуде. Өкінішке қарай, бізде сәбиді қабылдайтын гематолог маман мүлде жоқ әрі жөнді сараптама жасалмайды екен.

Сымбат Есқожина, қала тұрғыны:

– Балам аптасына 3 рет тамырдан екпе алады. Өзінің дәрісі бар. Оны береді. Астанаға апарамыз. Неге? Астанада анализ жасатуға болады әрі гематолог маман бар.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Өңірде гемофилИямен 1 бала ауырса да маман дайындау керек. Егер қалада гематолог маман болып, басқа ұйымда қызмет етсе, қосымша келісім шарт жасасқан жөн.

Гематолог алдағы бірер айда келеді. Қазір маман елордада оқып жатыр екен. Сымбат Есқожинамен жергілікті дәрігерлер дәлізде тілдесіп, мән-жайды түсіндірді.

Екатерина Федина, қала тұрғыны:

– Менің балам дүйсенбі күні міндетті түрде гормоналды дәрі қабылдауы қажет. Алайда, қалада “Диферемин” екпесі жоқ. Қазір не істерімізді білмей отырмыз.

Бауыр еті баласы үшін шырылдаған ананың іздегені табылды. Мамандар қажетті препаратпен қамтамасыз ететіндерін мәлім етті. Жалпы, бұл жиында 10-нан астам жан көкейінде жүрген мәселені көтерді. Ығы-жығы адам жүрген дәлізде облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиевпен тілдесу мүмкіндігі туды. Одан түрлі себептермен құрылысы тоқтап қалған заманауи аурухана жайлы сұрадық. Атқамінер шаруа жақын арада бастау алатынын мәлім етті.

Байболат Култанов