МТРА жаңалықтары

Тауы шағылмаған теріскейлік

Баянның дыбысы көптен күткен көктемнің күнін ерекше етіп тұр. Әрлі-берлі ағылған адамдарға тамаша көңіл-күй сыйлайды. Мелодия Алена Власюкқа да ұнаған сыңайлы. Қол арбаға таңылған қыз алыстан жымың қағып келеді. Әуен езу тартқызғанымен, бойжеткеннің өмірі кез келгенді күрсіндіреді. 24 жастағы жерлесіміз тағдырдың тауқыметін бала күннен тартуда. Ол туабітті жұлын бұлшықетінің атрофиясына шалдыққан. Мұндай дерт өте сирек кездеседі.

Юлия Власюк, Аленаның анасы:

– Қызыма сирек кездесетін диагноз 1 жасында қойылды. Содан ем-дом шаралары басталды. Ауруханаға тұрақты түрде барып тұрдық. Осылайша бақандай 15 жыл өтті. Өкінішке қарай, бізде жұлын бұлшықетінің атрофиясына шалдыққан балаларға ғана көмек көрсетіледі. Яғни, 16 жасқа толғандарға ем жүргізілмейді. Сөйтіп біз үйде емделуге көштік. Нәтижесі қалағанымыздай болмады. Қазір Алена өздігімен қозғала алмайды. Үнемі қасынан табылу қажет.

Ананың жүзінен қызына деген ерекше қамқорлық сезімін байқауға болады. Түсірілім барысында Аленаның шашы желден қайта-қайта бетіне түсті. Әр сәтте де анасы Юлия қол ұшын созып, шашын иық тұсына сипап отырды. Дерт аса күрделі болғанымен теріскейліктің тауын шаға алмады. Нәзікжанды өмірге құштар. Ол сурет салады, кітап оқиды. Үйінде том-том туынды бар екен. Былтыр тоқу өнерін де меңгеріпті.

Алена Власюк, қала тұрғыны:

– Тоқымашылықпен айналысып жүргеніме 1 жыл болып қалды. Бұрын бұл іс маған мүлде жат болатын. Бір күні қызығушылығым оянды. Кез келген адам талпынса, аянбай тер төксе, өзінің дегеніне жетеді. Маған интернет көп көмегін тигізді. Ютубтан видеолар қарап, тоқу өнерін меңгердім. Қазір кез келген киім-кешек түрін тоқимын.

Басты жабатын орамал, кішкентай қыздың көйлегі. Осы және өзге де қолөнер жұмыстарын Аленаның анасы марқая көрсетуде. Шебер асқан тиянақтылықпен тоқылған туындыларын саудалайды. Оның еңбектерімен инстаграмда жақынырақ танысуға болады.

Алена тапсырыс та қабылдайды. Ол кез-келген киім-кешек түрін сіздің талғамыңызға сай тоқып беруге әзір.

Алена Власюк, қала тұрғыны:

– Мен тапсырыс бойынша шіркеу қызметкеріне орамал тоқып жатырмын. Жұмыстың жартысын тәмамдадым. Мынандай дүние дайын болды. Бұрын мұндай іске 7-10 күн жұмсайтынмын. Қазір шаруаны небәрі 3 жарым күннің ішінде аяқтаймын. Осыдан қолымның одан әрі машықтана түскенін байқаймын.

Жайдарлы қыз бойдағы жігерін түсірілім барысында да байқатты. Оның нәзік саусақтары өткір желден тоңса да шебер істі біразға дейін тоқтатпады. Жерлесімізден арманын сұрадық. «Аяққа тұрып жүрсем, көпшілік құсап көрсем ғой» деген жауап күткеніміз жасырын емес. Алайда, Алена дертті жеңе алмасын түсінеді. Оның бар қалауы заманауи қоларба екен. Мұндай дүние қымбат тұрғандықтан, ана мен қызда сатып алатын қаржы жоқ. Көмектесуге ниетті жандар мына телефон нөмірі арқылы (8-707-723-29-10) хабарласа алады.

Байболат Култанов