Мәдениет

Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығына арналып көрме қанат жайды

Сафуан Шаймерденовтің қолжазбалары, кітаптары мен оның сирек кездесетін фотосуреттері. Облыстық мемлекеттік архив мекемесінің кіреберісінде ұлы тұлғаға арналып көрме ұйымдастырылыпты. Сөреге қойылған әдебиеттермен Дәрия Смағұлова жіті танысып жүр. Қоғам қайраткерінің атындағы қалалық классикалық гимназияда білім алатын бұрымды тау тұлға жайлы ата-әжесінен көп естіп, білген екен. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында да оқушы Сафуантану курсына барып жүр екен.

Дәрия Смағұлова, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Менің ата-әжем күнде Сафуан атамыз жайлы айтып, мақтап отырады. Тау тұлға атам мен әжемнің үйінде отырып шығарма мен газет жазған. Ата-әжем ол кісінің домбыра тартып, бірге жақсы уақыт өткізіп, жақсы араласқандары туралы да айтады.

Қарақат Шалабаев – Сафуан Шаймерденовтің ауылдасы. Азамат тау тұлғаның көзі тірісінде аралас-құралас болып, бірге жүрген екен. Бүгінде сол шақтарды көркемсөз шеберінің жерлесі дөңгелек үстел жиынында еске алып, жиналған ұл-қыздарға әңгімелеп беруде. Ең қызығы, ағамыздың есімін де Сафуан Шаймерденовтің өзі қойыпты.

Қарақат Шалабаев, Сафуан Шаймерденовтің ауылдасы:

– Университетте студент болған кезде сол Сафуан ағамыздың үйіне барып, әдебиет туралы көп сөйлесетінбіз. Ағамыз ауылға келгенде де көп уақыт өткізетінбіз.

Сафуан Шаймерденов жайлы деректердің дені оның туған жерінде Жамбыл ауданында сақтаулы тұр екен. Облыстық мемлекеттік архивте де дарынды тұлға жайлы деректер мен жазбалар баршылық.

Назерке Рамазанова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің архивисі:

– Сафуан Шаймерденовтің 70 және 75 жылдық мерейтойын тойлау барысында іс-қағаздар көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар, тарихи құжаттар, марапаттары ұсынылды. Классикалық гимназияға сол кісінің атын беру жөнінде де іс-қағаздар ұсынылып отыр. Сондай-ақ, көрмеге жерлес жазушының шығармалары да қойылған.

Сафуан Шаймерденов туралы құнды құжаттар мен фотосуреттер көрмесі облыстық мемлекеттік архивте сәуір айының соңына дейін жалғасады.

Алдияр Айтпаев