Мәдениет

Петропавлда өнер колледжінің шәкірттері сурет көрмесін ұйымдастырды

Алғашқы автомобиль, 20-30-шы жылдары шыққан темір тұлпарлар мен дирижабльдер. Бүгінгі көрмеде оқушылар көліктің түр-түрін бейнелеген. Біз үйреніп қалған жер көлігінен басқа, мұнда су мен әуе кемелері де назарға ұсынылған. Мерейлі Абайдың картинасы басқаларынан өзгеше. Ол қиялына ерік беріп «Таңқалдырарлық ұшу» деген атаумен көлік салған. Ой жемісі аспанда да ұшады, суда да жүзеді.

Мерейлі Абай, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы:

– Көлік қоңыр түстен жасалған. Оған мен акварель және гуаш деген материалдарды қолдандым. Себебі, акварель – ол өзі жеңілдікті білдіретін материал, ал гуаш оған қарама-қарсы. Осы жұмысты салу үшін маған 2 ай уақыт кетті. Оған менің мұғалімдерім көмектесті. Осындай көліктер көбінесе ойындарда кездеседі. Мен ойын ойнағанда осындай көлікті көріп калдым. Сонда ол маған ұнап қалды.

Жасөспірім сурет салумен 4 жасынан айналыса бастаған. Ал өнер мектебіне келгелі 3 жыл болып қалыпты. Болашақта өмірін шығармашылыққа арнамақшы. Мәдени шараға Софья Ходякова да өзінің суретін ұсынған. Жас суретші Форд Модель Т атты көлікті бейнелеген.

Софья Ходякова, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы:

– Бұл көлік 1908 жылы құрастырылған. Содан кейін 20 жыл бойы саудада болды. Сол 20 жылдың ішінде 15 млн үлгісі шыққан. Қолжетімді деген автомобильдердің бірі болған. Мені оның келбетінің ерекшелігі қызықтырды. Содан оның құрылымымен танысып, бірден іске кірісіп кеттім. Шамамен екі ай бойы салдым.

Көрмеге дарынды жастардың 24 суреті қойылған. Оқушылардың басым бөлігі бұндай шараға алғаш рет қатысып отыр екен. Өнерсүйер тұрғындар “Тарих ағынында” атты сурет көрмесін 3 күн бойы тамашалай алады.

Евгения Джаманчалова, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқытушысы:

– Көрмеміз “Тарих ағынында” деп бекер аталмаған. Мұнда әр көліктің қалыптасуымен танысуға болады. Картина салу барысында құр бояумен ғана шектелген жоқпыз. Суреттер әсерлі шығу үшін түрлі материалдарды пайдаландық.

Домбыра, скрипка және саксофон. Көрменің ашылу салтанатында Е.Серкебаев атындағы өнер ордасының шәкірттері өз өнерін паш етті.

Самал Жунусова