МТРА жаңалықтары

Петропавл станциясындағы ЖПБ-да ашық есік күні өтті

Калашников мылтығы, Макаров тапаншасы, помпалық қару, қалқан және кісен. Петропавл станциясындағы желілік полиция бөліміне келген ұл-қыздар алдымен тәртіп сақшыларының қару-жарағымен танысты. Оқушылар қаруды бұзып, қайта жинап көрді.

Құқық қорғау қызметінде криминалистика саласынсыз қылмысты ашу мүмкін емес. Оқушылар қылмыскердің ізіне түсуші мамандар отыратын кабинетте де болды. Мұнда балаларға саусақ іздерінің қалай алынатындығы көрсетілді. Балалар арасында өмірін құқық қорғау саласымен байланыстырғысы келетіндер де бар екен.

Әлихан Қайроллаев, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Осы экскурсиядан кейін полиция қызметкері болуды армандаймын. Іс-шара барысында біз қару-жарақтармен, тәртіп сақшыларының жаңа киім үлгісімен таныстық.

Мынау – Рекс. Ол тәртіп сақшыларының көмекшісі. Биыл үйретілген төрт аяқты заңсыз есірткі тасымалдауға қатысты 5 фактіні әшкерелеуге септескен.

Ал желілік полиция бөлімінің қызметкерлері қандай көлік мінеді? Мына темір тұлпар УАЗ-469Б деп аталады. Ерекшелігі – кез келген жерден өте алады.
“Мен және менің полицейім” атты іс-шараны өткізудіге мақсат – кәмелетке толмаған балалардың құқықтық сауаттылығы мен тәртіп сақшыларына деген сенімді арттыру.

Ұлжан Жорақұлова, Петропавл станциясындағы ЖПБ құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі аға инспекторы:

– Іс-шара барысында балаларға біздің саламызда атқарылатын жұмыстар жайлы толық ақпарат бердік.

Тәртіп сақшылары жасөспірімдерге арналған ашық есік күні шарасын Балалар жылы аясында жиі өткізіп тұрмақ.

Дана Ешкенова