МТРА жаңалықтары

Өңір экологиясын дамыту жол картасы қалай жүзеге асырылуда?

Өңірде ауаны ластау бойынша теріс көшті «Севказэнерго» АҚ бастап тұр. Атап айтсақ, атмосфераға Петропавл 2-ші жылу электр орталығынан зиян келеді. Қыстың суықтығына байланысты жылда бұл көрсеткіш өзгеріп отырады екен. Алайда, кәсіпорын өздеріне бекітілген лимитті әлі асырған емес. Соған қарамастан экологияны қорғау бойынша бірқатар шара атқарған. Жаңғыртудан өткен қазандықтар мен турбоагрегаттар қауырттылықты ғана арттырып қоймай, ауаға шығатын зиянды заттардың санын азайтады екен. Былтыр атқарылған шара арқасында өңір бойынша атмосфераның ластануы бақандай 400 тоннаға азайған.

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Табиғатты ластау бойынша “Қызылжар судың” жағдайы да мәз емес. Соңғы бірнеше жыл бойы кәріз суы құйылатын биотоғанның мәселесі өткір тұр. Күн жылып, су булана бастағанда тораптан күкіртсутегі бөлінеді. Сорақысы сол, былтыр мөлшері нормадан 10 есеге асып түсті.

Air.kz арнайы бағдарламасынан қаладағы атмосфераның жағдайын бақылауға болады. Көріп тұрғандарыңыздай, жағдай мәз емес. Ауадағы күкіртсутегінің мөлшері тағы да асып кеткен. Алайда, проблема бар жерде шешім де бар. Экологиялық мәселені біржақты етуге монополистер былтыр маусым айында кірісті. Мамандар суды тазартуда таптырмас көмекші – хлорелланы биотоғанға енгізуде. Шаруаға “Қызылжар су” серіктестігі 125 млн теңге бағыттапты. Алғашқы оңалуды биыл тамызда, ал толық нәтижені келесі жылы көреміз.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:

– Көгалдандыру бойынша айтатын болсақ, былтырғы жоспар 850 гектар болды. Көрсеткіш асыра орындалды. 2021 жылы жергілікті атқарушы биліктен 103 млн теңге бөлінді. Биыл 996 млн теңге бағыттау көзделіп отыр.

Облыс үшін тағы бір өзекті мәселе – қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін орын. Дәлірек айтқанда оның жоқтығы. Экологияны дамыту бойынша жол картасында проблеманы шешу қарастырылған. Арнайы полигонда 9 ауданда жасау көзделіп отыр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама дайын. Енді бюджеттен қаржы бөлінсе, шаруа іске асырылмақ.

Азамат Бектасов, СҚО экология департаментінің басшысы:

– Сонымен қатар, жасыл энергетика бағыты бойынша өңір бойынша 50 қазандық орнатуыл тиіс. 2020-да 19 қазандық, 21-де 7 қазандық орнатылды. Биыл тағы 22-сін орнату жоспарланған. Айыртау ауданында жел электр станциясы құрылуы тиіс еді. Алайда, жоба жүзеге асырылмайды. Жоспарды Ақмола облысы орындайды.

Дегенмен, облысымызға тағы бір жел электр станциясы бұйырып тұр. Ол Тайынша ауданында бой көтермек. Жалпы, экологияны дамыту бойынша жол картасы 2020 мен 25-ші жылдарға арналған. Құжатта 7 бағыт бойынша 15 ауқымды іс шара жүргізу қарастырылған. Жуырда өңірге жұмыс сапарымен келген сала министрі Серікқали Брекешев жоспарды толықтыруға тапсырма берді.

Эльмира Садвокасова