Спорт

Ауыл балалары шеберлік шыңдауда

Мұз айдынында – аудандық хоккей командаларының ойыншылары.
Хоккейдің қыр-сырын енді ғана танып келе жатқан жеткіншектер сырғанау техникасын, шайба тастау және командалық ойын тәсілдерін үйреніп жатыр. Әділ Сайлаубеков – хоккей десе ішер асын жерге қоюға әзір спортшы жеткіншектердің бірі. Осы ойынға деген қызығушылығын әкесі тудырған екен.

Әділ Сайлаубеков, М.Жұмабаев аудандық хоккей командасының ойыншысы:

– Әкем кезінде хоккеймен айналысқан. Медаль мен кубоктары көп. Мен де командамен біте қайнасып ойнағым келеді. Ол үшін тәжірибе керек.

Тәжірибе көп болу үшін барынша көп ойнау керек. Ал аудан спортшылары мұзға қыста ғана шығатыны белгілі. Өйткені, арнайы жабдықталған нысан керек. Ал балалар қар түскенде меңгерген әдіс-тәсілдерін жаз өтісімен ұмытыңқырап қалады екен. Сол себепті, қандай да бір нәтижеге жету үшін табандылық пен тиянақтылық қажет дейді жаттықтырушы Евгений Блажко.

Евгений Блажко, хоккейден БЖСМ жаттықтырушысы, М. Жұмабаев ауданы:

– Хоккейді бар-жоғы 3 ай ғана ойнаймыз. Жарыстар көп болса, нәтиже де жақсы болар еді. Осындай жиындар балалардың спорттық қарым-қабілетін дамытуға септеседі.

Осы орайда “Qulager” хоккей клубының бапкерлері оқу-жаттығу жиындарын ауыл балаларына арнап өткізіп жатыр. Бұл – жас ойыншылар үлкен спортқа қадам жасауына бір мүмкіндік. Айта кетейік, аталған оқу-жаттығу жиыны өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Марлен Бекен, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының сектор жетекшісі:

– Мұнда бізде 5 ауданнан 23 оқушы келді. Бұның бәрін ұйымдастырған – “Қызылжар” хоккей клубының басқармасы және біздің облыстық спорт басқармасы.

Жас хоккейшілерге арналған оқу-жаттығу жиыны 3 күн бойы жалғасады.

Самал Жунусова