Қоғам

18 қабатты үйдің тұрғындары нысан сапасына шағымдануда

 

Ғалия Балтабаева әкімдіктің баспана кезегіне 2005 жылы тұрыпты. Көптен күткен қоныс тойын 1,5 жыл бұрын қаладағы алғашқы 18 қабатты үйде тойлаған. Алайда, көп ұзамай қуанышы су сепкендей басылды.

Ғалия Балтабаева, қала тұрғыны:

– Бұл үйде менің ұлым жанұясымен тұрады. Күнде хабарласып, жағдайларын сұраймын. Қыс бойы не жылу, не ыстық су жоқ. Бұл масқара ғой. Менің кішкентай немерем бар. Әкімдікке бірнеше мәрте көмекке жүгіндік. Ауызша да айттық, хат та жаздық. Алайда, жөнді жауап ала алмадық.

Бұл проблеманың тек бір шеті ғана. Тұрғындардың сөзінше пәтер терезелері мен қабырғаларының жағдайы да мәз емес. Соңғылары жарылып жатқан көрінеді.

Ербол Қайруллин, қала тұрғыны:

– Тұрғындар өткен жылдың ақпанында көшіп келді. Содан бері пәтерлеріміздің дербес шоты жоқ. Бұл не деген сұмдық? Мәселені айтып бармаған мекеме жоқ. “Қызылжар суға” да, “Севказэнерго” серіктестігіне де жүгіндік. Олар қалалық әкімдікке сілтейді. Ал, жергілікті билік өкілдері мүлдем жауап қатпайды.

Ал, көктем келсе болды, жертөле суға толады. Тізеге дейін жететін су былтыр жаз бойы тұрыпты. Биыл да жағдай осы. Шыдамдары таусылған тұрғындар жиналыс өткізіп, қалалық әкімдік мамандарын шақырды. Атқамінерлер бар жауапкершілікті мердігерге артып отыр. Айтуынша, олқылықтар болса, ол – құрылыс жүргізген компанияның қателігі. Жиынға кінәлі деп табылған серіктестік өкілдері де келді.

Владимир Кизенко, “Зерттеу СК” ЖШС директорының орынбасары:

– Тұрғындар пәтерлердегі олқылықтар бойынша бізді жиі шақыртады. Келіп, бәрін түзеп береміз. Терезеден суық кірсе, қаптаймыз. Жоба бойынша жылу мәселесі жөнді қарастырылмаған еді. Қосымша сорғы орнаттық, жағдай оңалды. Қазір азаматтар жертөледегі суға шағымдануда. Ол – жерасты сулары емес, еріген қардың суы.

Мердігердің сөзінше, жертөледегі су мәселесі жақын маңдағы құрылыс аяқталмай бітпейді. Себебі, абаттандыру шаралары жүргізілмеген, сондықтан қар ерісе, үйдің асты суға толады. Компания қазір оны сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бұл – Петропавлда бой көтерген алғашқы 18 қабатты үй. Баспана Отбасы банк арқылы әкімдік кезегінде тұрған жандарға берілген болатын.

Эльмира Садвокасова