ТЖ

Заречный кентінде болған өрттің шығу себебі анықталып жатыр

Өрттен кейінгі жағдаймен танысуға Максим Кузьменко да келіпті. Азамат саяжайдағы көріністі видеоға түсіріп, әжесіне көрсетпекші. Қария учаскені 10 жылдай бұрын сатып алған. Бар жанын салып, бау-бақша еккен. Кірпіш баспананың үстіне мансард тұрғызып, кіреберісін қоса салған. Қысқасы жазғы үйі мен жеріне біраз қаражат пен тер төккен. Алайда, шаруаның қызығын отбасы көріп үлгерген жоқ.

Максим Кузьменко, қала тұрғыны:

– Бізге қауымдастықтың күзетшілері хабарласып, өрт туралы айтты. Жұмыстан кейін келсем, қалың түтін орап, от лапылдап жатыр. Қызыл жалыннан учаскеміз түгелдей зардап шекті. Дәретхана мен үйден қалғаны осы. Баспананың шатыры мен екінші қабаты атымен жоқ, бір қабырғасы құлаған. Көшенің ар жақ бетінде тағы бір учаскеміз бар. Ондағы сарай да толық жанып кетіпті.

Максим Кузменько сияқты түгел саяжайынан айырылған азаматтар жетерлік. Қызыл жалын толық бір көшені шарпығандай. Кейбір үйлер аман қалса, біраз баспананың қай жерде болғанын үйілген күлден ғана түсінуге болады. Кешегі алапат өрттің салдары осы. Ал, себебі әлі анықталып жатыр. Мамандар екі нұсқаны алға тартуда. Бәзбіреу шөпке отты әдейі тастады немесе ауласын тазартамын деп кейін тілсіз жауға ие бола алмай қалды.

Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:

– Заречный кентіндегі саяжай қауымдастықтарында оттың бас көтергені туралы хабар 16:20 кезінде келіп түсті. Желдің жылдамдығы секундына 20-23 метрді құрағандықтан, өрт өте тез тарады. Тілсіз жаумен күреске барлық гарнизонның күшін тарттық. Бос мамандарды да түгелдей шақырттық. Төтенше жағдай барысында коммуналдық қызметтер көп көмегін тигізді. 8 техникамен бізге су жеткізіп отырды.

Шаруаға барлығы 70 маман мен 12 бірлік өрт сөндіруші көлігі тартылған. Қызыл жалынды ауыздықтауға оттың тез тарауынан бөлек, жолдың жоқтығы және кей көшелердің саяжай иелері машиналарымен бөгелгені кедергі болыпты. Қызыл жалынның келтірген шығыны мен жапа шеккен саяжайлардың санын қазір жергілікті әкімдік мамандары анықтап жатыр.

Асқар Хабибулин, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Саяжай иелеріне әкімдіктен көмек көрсетілмейді. Себебі, мұнда үйлер салынбайды. Яғни, учаскелер тек бау-бақша егуге арналған.

Жалпы, соңғы тәулікте өрт сөндірушілерге 20 шақырту келіп түскен. Басым бөлігі қураған шөптің жанып, өзге учаскелерге тарауына байланысты. Төтенше жағдай Қапай ықшам ауданында да орын алған. Мұнда отқа оранған қамысты сөндіруге 2 бірлік техника мен 13 маман тартылыпты.

Эльмира Садвокасова