Әр түрлі

Сәуірдің 15-і өңірдегі өзен-көлдерде уылдырық шашу маусымы басталады

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Сәуір айының соңынан өзен-көлдердегі балықтар судың жағасына шығып, уылдырық шашуды бастайды. Бұл мүмкіндікті оңай олжаға кенелуді көздейтін балықшылар пайдаланып қалғысы келеді екен. Мұндай жандарға табиғат жанашырларының айтары бар. Заңды бұзғандар әкімшілік, тіпті, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Шортан, сазан, аққайран, көксерке және тұқы. Бұл – аймақтағы ерекше қорғалатын балық түрлері. Оларды сәуірдің 15-інен бастап маусымның 20-сына дейін аулауға болмайды. Тәртіпті қадағалау мақсатында балық шаруашылығы инспекциясының мамандары күнде облыстағы суларда рейд өткіземіз дейді.

Андрей Лопацкий, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге өзен-көлдердің жағасына шығамыз. Браконьерлікпен айналысқандарды жауапқа тартамыз. Тыйым тізімінде бар балықтарды аулағандарға 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ауланған шортан, көксерке мен тұқының салмағы 60 келі болса балық іздеген адам 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Былтыр мамандар өңірде заңсыз балық аулаған 60-тан аса адамды жауапкершілікке тартқан. Ережеге бағынбағандарға жалпы есеппен 1 млн 137 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Бердимурат Баймухан