Без категории

Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі қыза түсті

Беларусь аяқ киімдері кәсіби шеберлердің қолынан шыққандығымен ерекшеленеді. Бағасы да қолжетімді. Сол себепті, бүгінгі жәрмеңкеге келген жандардың саны әжептәуір. Солардың бірі – Надежда Гардеюк. Нәзікжанды 1 емес, 3 жұп аяқ киім сатып алған екен.

Надежда Гардеюк, қала тұрғыны:

– Аяқ киімінің жәрмеңкесі өтіп жатқанын теледидардан көрдім. Демалыс күнімді пайдаланып келіп отырмын. Беларусь елінің өкілдері қаламызда ақпан айында болды. Сонда өзіме қысқы аяқ киім сатып алдым. Жаңа тауардың көктемгі және жазғы түрлерін алдым. Негізі, менің табанын жалпақтау болғандықтан ыңғайлысын табу өте қиын. Мыналар бірден көңілімнен шықты.

Жәрмеңкеде кез келген адамның талғамынан шығатын, түрлі түсті, ұзынды-қысқалы аяқ киімнің түр-түрін табуға болады. Тауардың барлығы сапалы материалдан тігілген әрі әрқайсысы ыңғайлы етіп әзірленген.

Менеджердің айтуынша, қазір жазғы аяқ киімге сұраныс көп. Мына спорттық аяқ-киім – сән әлемінің биылғы таңдауы. Өнімді беларусьтік “Суббота” компаниясы таза былғарыдан тіккен. Құны небәрі – 15 мың 500 теңге

Иван Коваленко, сату жөніндегі менеджер, Беларусь Республикасы:

– Біз жәрмеңкеде ерлер мен әйелдердің аяқ киімін ұсынып отырмыз. Тауардың басым бөлігі ортопедиялық. Әйелдерге арналған аяқ киімнің өлшемі 35-тен 43-ке дейін, ал ерлер үшін 40-тан 49-ға дейін бар.

Жалпы, көрмеге шамамен 500 жұп аяқ киім қойылған. Алдағы уақытта тағы 500-і жеткізілуі тиіс. Дені жазғы мезгілге арналған. Қалада Беларусь аяқ киімдерінің жәрмеңкесі мамырдың 1-не дейін жалғасады. Тұрғындар қажетті тауарды Уәлиханов көшесі, 15А мекенжайы бойынша тұрған нысаннан таба алады.

Самал Жунусова