МТРА жаңалықтары

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына – 5 жыл

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының өкілдері келушілерді күмбірлеген күймен қарсы алды. Ал мына залда көрме қанат жайған. Мұнда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар фотосуреттер арқылы көрсетіліпті. Көп кешікпей салтанатты шара да бастау алды. Жиынның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ашып, келушілерді ауқымды жобаның 5 жылдығымен өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтады және оның мән-маңызына тоқталды.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– 2017 жылдың 12 сәуірінде шыққан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бағдарламаның негізіне айналды. Бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш болып келеді. Бұл бағдарлама -ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңа­шылдыққа жетелейтін жол.

Біреу білсе, біреу білмес, тарихымызды жандандырып, мол мұрамызды одан әрі дәріптеуге негізделген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 6 арнайы жобадан тұрады. Оның алғашқысы – «Туған жер». Бұл бағытта соңғы 5 жыл ішінде аққайыңдар өлкесінде бірталай шаруа атқарылыпты. Іске кіндік қаны тамған ауылының қамын ойлайтын, өткенге құрметпен қарайтын қалталы азаматтар да белсенді араласуда.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Соңғы 5 жыл ішінде өңірімізде «Туған жер» арнайы жобасына қатысушы меценаттардың саны 5,6 пайызға ұлғайды. Мысалы, 2017 жылы елді мекендерді дамытуға, тарихты жандандыруға 111 азамат ат салысса, былтыр бұл көрсеткіш 627-ке жетті.

Бұл белсенді жандардың басым көпшілігімен Муниципалдық телеарнаның тақырыптық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Дана Ғизатова жақсы таныс. Қаламы қарымды журналист арнамыздан көрерменге жол тартқан «Туған жер», «Рухани жаңғыру», сонымен қатар, «Тарих және таным» бағдарламаларын жүргізді. Осылайша, қалың көпшілікке тарихтан сыр шертті, азаматтарымыздың ілкімді істерін паш етті. Еңбек елеусіз қалмады. Бүгін Дана Тұрсынқызы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Дана Ғизатова, «МТРА» ЖШС тақырыптық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы:

– Мен 2 жылдан астам уақыт ішінде облысымыздың көптеген ауданында болдым. Өңірімізде «Солтүстік Қазақстанның киелі жерлеріне» енген ескерткіш өте көп. Олардың қатары жыл санап толығып келе жатыр. Біздің бағдарламада көптеген спикерлер болды. Олар: жазушылар, ғалымдар, ұлы тұлғалардың ұрпақтары.

Салтанатты жиында М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры Жанар Таласпаева да құрметке бөленді. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» және «100 жаңа оқулық» атты арнайы жобалары бойынша аянбай тер төкті. Көпшілікке мәлім, соңғы аталған бағыт аясында жоғары бағаланатын шетелдік еңбектер қазақ тіліне аударылды. Оларды бүгінде жергілікті жастар еш қиындықсыз оқып, көңілге тоқи алады.

Жанар Таласпаева, Қозыбаев университетінің профессоры

– 100 жаңа оқулықтың аударылуы – жастарға берілген үлкен қазына. Осы бағыт бойынша біз аударылған оқулықтарды оқу жоспарына енгіздік.

Жиында баяндамалар да оқылды. Мінберден сөз алғандар облыс орталығындағы көшелердің біріне атақты Абылайханның есімін беру, қазақ тілінің мәртебесін одан әрі арттыру және ескі атауларды өзгерту сынды мәселелерді көтерді.

Жанат Мұхамеджанов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы СҚОФ төрағасы:

– Бізде әлі Ленинмен аталатын ауылдар бар. Басқыншылармен келген атаулар да бар. Мысалы, «Боевик» деген атауды кездестіруге болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 5 жылдығына арналған жиын жергілікті өнерпаздар ұсынған концертпен аяқталды.

Байболат Култанов